Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева ”Nur Otan” партиясы облыстық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Мемлекет басшысының көмекшісімен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерін айтуға келгендердің қарасы қалың болды.
Қызылжарлықтарды толғандырған мәселелердің дені – баспана салу, денсаулық сақтау қызметінің сапасын жақсарту, жастар саясаты, атаулы әлеуметтік көмек, кәсіпкерлік, жеңілдетілген несие беру және жұмысқа орналасу жайында болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі тұрғындардың тілегін мұқият тыңдап, тиісті кеңестер берді.
– Бүгінгі таңда “Бақытты отбасы” және “Нұрлы жер” сияқты көптеген маңызды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оған әркім қатыса алады. Бүгінгі қабылдауға келген әрбір тұрғынның өтініші хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынады, – деді Аида Балаева. Бұл күні қоғамдық қабылдауға 60 адам келді.
Жұмыс сапарының екінші күні Аида Балаева өңіріміздегі зиялы қауым өкілдерімен, жастармен, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділерімен кездесті. Кездесу барысында қызылжарлық жастар бірқатар ұсыныстарын жеткізді. “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің жетекшісі Екатерина Старостина атқарып жатқан жұмыстары жайлы айта келе, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына шағын қалаларды да енгізуге ұсыныс білдірді. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі ұсыныс-тілектер ескерусіз қалмайтынына сендірді. Ол сондай-ақ, “Серпін” бағдарламасына ерекше тоқталып өтті. Аталған бағдарлама бойынша соңғы екі жылда өңіріміздегі оқу орындарын 372 жас тамамдаған.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.