Өткен демалыс күндері Петропавлдағы теннис орталығында 5 жастан 12 жасқа дейінгі балалар арасында теннистен облыстық жарыс өтті. Оған өңірімізден 32 спортшы қатысып, өзара бақ таластырды. Балдырғандар жастарының кішілігіне қарамастан, әдемі ойын өрнегін көрсетіп, сайыстың тартысты өтуіне барын салды.
Лев Аркадьевтің спорттың бұл түрімен аналыса бастағанына 8 ай болыпты. Бұған дейін де облыстық біріншілікке қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Осы жолғы сайысқа ерекше дайындықпен келіпті. Сондықтан болса керек, алғашқы кездесуінде-ақ айқын басымдықпен жеңіске жетті.
«Бүгін өте жақсы ойын болды. Қарсыласым тегеурінділік танытты деп айта алмаймын. Өйткені бірнеше өрескел қателіктер жіберді. Маған теннис өте қатты ұнайды. Арманым Рафаэль Надаль сынды танымал әрі мықты спортшы атану», – деп ол өз ойымен бөлісті.
Бүгінде облысымызда теннис спорты қарқынды дамып келеді. Саңлақтарымыз республикалық жарыстарда топ жармаса да, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. «Мықты спортшы дайындау үшін, баланы жастайынан жаттықтыру керек. Биылғы жылдың басында осы орталықта теннис үйірмесі ашылып, балғындар жаттыға бастаған болатын. Болашақта олардың арасынан мықты спортшылар шығады деген ойдамыз. Бүгінгі жарысты өткізудегі мақсатымыз – оларды бәсекелестікке үйретіп, шыңдай түсу», – дейді теннис спорты бойынша облыстың бас жаттықтырушысы Қайролла Нұртазин. Оның түсіндіруінше, 5-7 және 8-12 жас аралығындағы балалар екі топқа бөлініп, өнер көрсетті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен медальдар табысталды. Ал әдемі ойын өрнегімен көзге түскендер болашақта республикалық деңгейде өңір намысын қорғамақ.
http://petropavltv.kz