Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, М.Аверин атындағы облыстық әдеби бірлестіктің жетекшісі Кирилл Филоновтың жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Отандық жас авторларды қолдау, оларды өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған шарада жазушы Кирилл Филонов оқырмандардың назарына “Что запомнилось” атты екінші кітабын ұсынды. Осыдан бір жыл бұрын тұңғыш кітабын жарыққа шығарған автордың жаңа жинағына екі әңгіме мен осынша повесть енген. Бұл туындыда адамдардың қилы тағдыры, ана мен баланың, бауырлардың қарым-қатынасы туралы өмір суреттері көркем сөзбен кестеленген. Дарынды жазушы, ақын Кирилл Филонов облыстық кітапхананың тұрақты оқырманы екенін де айтып өткен жөн.
Ол түрлі әдеби-музыкалық, жыр кештері мен басқа да шаралардың қонағы ретінде өскелең ұрпақпен кездесулерді жиі ұйымдастырады. Жаңа кітаптың тұсаукесеріне автордың жақындары, облыстық әдеби бірлестік өкілдері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Ал кітап көрмесін тамашалаған қатысушылар оның жаңа туындысы оқырмандар үшін үлкен олжа екенін жеткізді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.