Қарасай батыр Алтынайұлы – жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғыста қол бастаған белгілі сардар. Алатау бөктерінде туып-өскен. Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Есқожа руынан. Қарасайдың өмірге келген жылы 1598 (хижра бойынша – 976 – Мешін жылы). Оның Есім хан заманында соғысқа алғаш кіруі 17 жасында басталғанын деректерден біліп отырмыз. Кезінде бүкіл Шапыраштының қолын басқарып әйгілі болған Жанай батыр бұл тұста қартайып, 79 жасында қолындағы туды жас Қарасай батырға тапсырып, одан ел мүддесіне адал болуға ант қабылдаған екен.
Қарасайдың ататек шежіресі шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының “Түп-тұқияннан өзіме шейін” атты еңбегінде нақты берілген. “Қарасай Шапыраштының отыз алтыншы ұрпағы. Шапырашты тайпасының Еміл руынан тарайды. Емілден Ерен, одан Қошиман, одан Есқожа, одан Тоқтар, одан Алтынай. Қарасай батыр – Алтынайдың бел баласы. Қарасайдан алты бала…”.
Шапырашты тарихында бұрын да белгілі батырлар болғанына қарамастан, сарбаздардың жауға шапқанда “Қарасайлап” ұрандауы және кейбір тайпалардағыдай мұнда қосалқы, балама ұрандардың болмауы Қарасай батырдың ерекше де ерендігін көрсетеді. Ал енді Қарасайдың осы байрақ көтеріп, қанды соғысқа кіруі және суырылып көзге түсуі 1615 жылы (хижраның жыл санауы бойынша 993 – мешін жылы) Тобыл өзені бойындағы қалмаққа қарсы болған қырғын соғыста орын алды. Дерекке сүйеніп айтар болсақ, “осы соғыста Қарасай батыр ойраттың екі тайшысы Қарақал мен Тойлыны бала-шағасымен қолға түсіріп, оларды жаяу айдап, Есімнің алдынан бір-ақ шығарады. Екі тайшыны тізерлетіп, Қарасай батыр: “Тақсыр хан, енді қазақ ханының бетіне қараған, жерімізге көзін алартқан жаудың бәрі осылай тізерлейтін болады”, – депті. Жас батырдың сөзіне риза болған Есім хан: “Сен енді қазақтың Қарасай батыры болдың”, – деген. Есімханның аузына Құдай салған болса керек, ол шынымен, қазақтың батыры болып, қазақ жерінің батысында – Еділ мен Жайықта, терістігінде – Обаған мен Томағанда, шығысында – Алтай мен Тұрпанда атының тұяғы тимеген жер қалмады.
Бұл жерде ескі деректе айтылып отырған Обаған мен Томаған қазіргі Ресейдің Сібір аймағы екендігі күдік туғыза қоймас. Алғашқы осындай ұрыста Қарасай өзінің көзсіз ерлігімен қазақтың басқа айтулы сардарларын бірден мойындатқан екен. Мәселе былай болыпты: терістіктегі Тобыл бойындағы қырғын, жанкешті ұрыста ойраттың Дөкір деген батыры Қарасайдың артынан тасаланып келіп, бұғалық лақтырып, аттан аударып, сүйреп әкетеді. Мұны байқаған дулат Жақсығұл мен қоңырат Алатау батыр екі жақтан ұрандап, Қарасайды құтқарып алады. Осыдан соң аттан құлаған Дөкірді өз қолымен буындырып өлтірген Қарасай мұнымен шектелмей, қара жорғасына қайта мініп, қазақтарды беттетпей қырып келе жатқан қалмақтың екінші бір Олых батырын алдаспанмен құлаштай шапқанда, басын қақ айырады. Осы сұмдықты көзімен көрген, кейіннен есімі қазақтың бүкіл қоңырат тайпасына ұран болған атақты Алатау батыр мұны Есім ханның өзіне айтыпты.
Қарасайдың даңқын асырған тағы бір жорық – 1627 жылы (хижраша 1005 – қоян жылы) Хазар теңізінің батыс жағында қалмаққа қарсы 83 күн болған қырғын соғыс. Түркістанда, Күлтөбенің басындағы Есімханның бастауымен өткізілген жиыннан соң Жайыққа арғын Ағынтай, найман Көксерек, қаңлы Сарбұқа, төртқара Жиембет (бас сардар) тәрізді шетінен “сен тұр, мен атайын” батырлармен бірге аттанған бұл кезде 32 жастағы Қарасай батыр басқа серіктері тәрізді майдан алаңында тоғыз күн жекпе-жекке шығып, 11 қалмақ батырын өлтірді. Ақыры жекпе-жекке шығар батырлары таусылып, шыдай алмай орыс жеріне қарай қашқан 500 мыңдай қалмақтың 200 мыңдайы қырылып, Еділ өзенінің құйылысына барып тығылды. Алайда, шығыстағы жау осы тұста Қарақал баласы Батыр қоңтайшының төңірегіне топтасып, Жетісу өңірін басып алды. Осы аймақты мекендеген қазақ руларының кезінде қалмақтардан ығысып, Сыр бойына қоныс аударған еді. Осы тұста Отанына қайтып оралған қазақтар осында жас батыр Әйтейдің басшылығымен қалмаққа қарсы жанкешті ұрыс салып жатқанда алыстағы Жайықтан Қарасай қолы оралып, жауды Мұзарттан асырып, түре қуып тастады. Беті қатты қайтқан ойраттар бір-екі жыл бойы бұл аймаққа жолаудан бас тартты. Дегенмен, қалмақ бәрі-бір тыныш жатпады. Жер жәннаты Жетісу олардың көкейін тесіп, ақыры мыңға жуық салт атты 1629 жылы (хижраша 1007 – қоян жылы) Іледен өтіп, Үш Қараш аймағына лап қойды. Батыстан оралып, Асы жайлауында тыныстап жатқан Қарасай қолы қайтадан өре түрегеліп, екі мыңдай қалмаққа қарсы аттанған. Қарасай келгенге дейін Әйтей батыр қалмақты жекпе-жекке шақырып, бөгеп, олардың үш батырын өлтірген екен. Қарасайдың қолы келген бетте жауды Торайғыр асуына дейін ығыстыра, түгін қалдырмай қырып тастаған. Саты-Сапы көлінің түстігінде болған тағы бір ұрыста да қалмақ қолы баудай түсіп қырылды. Алайда, Есім ханның науқастануы қара қалмақтың қазақ жеріне қайта аяқ басуына себеп болды.
Қарасай тұлғасы әйгілі Орбұлақ шайқасында да ерекшеленді. Қазақтардың ел үшін, жер үшін жат жерліктерге қарсы шайқасында үлкен маңызды рөл атқарған, Отан соғысының биік өрелі көріністерінің бірі – Орбұлақ шайқасы тарихта біршама зерттелді. Әсіресе, мұны кеңестік заманнан бұрынғы зерттеушілер өздерінің еңбектерінде атап көрсеткен. Олардың қатарында Левшин, Фишер, Миллер, Бичурин тәрізді қазақ тарихына қатысты қалам тартқандар бар. Кеңестік заманда бұл мәселе жекелеген тарихшылар еңбектерінде жалпылама көрініс бергенімен, қазақтардың жатжұрттықтар күресінің осы алтын беттері, шын мәнінде, көмескі түрде айтылып, осы тамаша таңғажайып ерлікке лайықты баға берілмеді. Ол түсінікті де, өйткені, ол кезде қазақтардың барлық ерліктері орыстардың көмегімен немесе қолдауымен ғана орын алды деген көзқарас үстемдік алып тұрған еді. Тек тәуелсіздікке қолымыз жеткен соң ғана бұл маңызды мәселеге қазақ тарихшылары шындап мойын бұра бастады. Солардың кейбірінің пікіріне тоқтала кетейік. Кезінде бұл мәселе туралы Фишер өзінің еңбегінде бұл соғыстың қазақ жағынан бастаушысы Жәңгір хан, ал жоңғарлар жағынан бастаушысы қоңтайшы Батур болғанын атап көрсеткен еді. Оның айтуынша, жоңғарлар Жәңгірдің әкесі Есім ханмен (Фишер оны Ишим деп атайды) соғысты. Ол 1635 жылы қырғыз-қазақтардың әскерін басқарған Жәңгірдің қалмақтар тұтқыны болғанын атап көрсетеді. Осы мәселені орыс тарихшысы А.Левшин де өзінің еңбегінде келтіреді. Осы деректер тарихи жағынан аса құнды болып отыр. Оның маңыздылығын қазіргі қазақ зерттеушілері де жақсы түсінеді. Шындығында да, Жәңгірдің қалмаққа тұтқын болғаны кейінгі жылдары табылған тарихи деректерде де дәлелденген. Мысалы, тарихшыларымыз әлі күнге дейін назар аудармай отырған XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының “Түп-тұқияннан өзіме шейін” атты еңбегінде осыған байланысты мынадай жолдар бар: “… Бұдан 5 жыл бұрын (яғни 1635 жылы, доңыз жылы) қара қалмақтардың Талай, Құжы, Торғаш тайшылары бірігіп, қазақ жеріне шабуыл жасап, олар көп қазақты қырып, Есім ханның ұлы Жәңгірді байлап алып кетті. Жәңгір оларда бір жылдай тұтқын болды”.
Ақиқатына келсек, Жәңгірдің қалмақ тұтқынынан қалай босағаны қазір анықталған. Қарасай мен Ағынтай батырлар қалмақ мекеніне жасырын түрде барып, Жәңгір сұлтанды босатып алады. Екі батыр Жәңгірмен қатар осыдан бес жыл бұрын Есімханның қолынан қайтыс болған Талай тайшаның ұлы Батырдың әйелін де тұтқын етіп алып кетеді.
1640 (ұлу) жылдан бастап қазаққа Жәңгірдің хан болуы қалмақтарды қатты дүрліктірді. Жәңгірдің қалмақтан өш алуға тырысуы ғана емес, оның қалмақ тұтқынында болғанда олардың бар құпиясынан хабардар болуы да маза бермеді. Мұның өзі қалмақ нояндарын Жәңгірдің ата жауы Батырдың төңірегіне топтастыра түсті. Ақыры Батыр 1643 (қой) жылы олардан елу мыңдай қол жинап, жолдағы қырғызды қырып, қазақ жеріне аяқ басты. Орыс тарихшысы А.Левшиннің айтуынша, осы жорықта Батыр 10000-ға жуық қырғыз-қазақты тұтқынға алды. Осыдан соң ол енді Жәңгірдің барлық әскерлерін қырып тастауды ойластырды. Орыс тарихшысы мұнан әрі не болғанын төмендегіше жазады: “…но сей киргизский султан (Жәңгірді айтып отыр – Т.О.), как видно, искусный в войне, употребил для обороны своей весьма благоразумное средство. Он имел только 600 человек вооруженных. Не смея вступить с сею горстью людей в открытый бой, он поместил одну половину оной между двух гор в ущельи, которое окопал глубоким рвом и обнес высоким валом, а с другою половиною скрылся сам за горою. Зюнгары подойдя к укреплению, напали на оною, и в то самое времия, когда они теряли множество людей в сражении, весьма не выгодном для осады по причине узкого пространства, Джангир устремился на них с тыла. Неожиданность сего удара, отважность воинов, избранных для оного и отличные ружья, которыми все они были снабжены, нанесли Багатыру (Батыру – Т.О.) сильный урон”.
Бұл айтылғандардың күмән туғызбас шындық екендігін Қазыбек бек Тауасарұлын оқығанда айқын аңғарамыз. Онда мынадай жолдар бар: “…Бұл соғысқа ол (Батыр – Т.О.) елу мыңдай қолмен келді. Жәңгір хан жолындағы қырғыздарды тапап өткен ойрат қолына мыңға жетер жетпес адаммен қарсы шығып, соғыста тәсілін арттырып, жеңіске ие болды. Ол жауынгерлердің жартысын тас арасына орналастырып, оған мосқалдау батыр Жиембетті, Жақсығұлды қалдырды. Жас батырларды Қарасайға бастатып, шабуылға дайындады. Сөйтіп, олар жаудың желкесінен келу үшін тау айналып кетті. Алаңсыз Лабастағы Доңыз тауға кіріп келе жатқан қалмақты Жәңгір адамдары атып, көп адамын өлтірді. Олар сасып-салбырап қалғанда желкесінен келген Жәңгір мен Қарасайдың азғантай тобы ойраттарды ойсырата қырды…”.
Кейбір тарихшылар өздерінің осы оқиғаға байланысты зерттеулерінде Жәңгірдің неліктен аз ғана қол жинағанын түсіне алмай дал болады. Әрине, жау арасындағы тыңшылар арқылы Жәңгір ойраттардың осынша көп әскермен келе жатқанынан хабардар болған. Солай бола тұрса да, оның ең болмаса қазақтың жасағының санын 10 мың адамға жеткізе алмағанын байқаймыз. Меніңше, бұл Жәңгірдің аз ғана әскер жинауының негізгі себебі бола алмайды. Өйткені, Жәңгірдің төңірегіне сол замандағы қалмаққа қарсы күресуші қазақтың белгілі батырларының көпшілігі жиналған. Біздің ойымызша, Жәңгірдің аз ғана қол жинауы осы қорғаныс соғысын дайындау ісінің өте құпия жүргізілуінен болса керек. Жәңгірдің жанындағы қазақтың белгілі батырлары егер де ел арасынан сан мыңдаған көп әскер жинар болса, онда Орбұлақ шайқасының жасырын ұйымдастырылған әдіс-амалдары қалмақтарға алдын ала белгілі болатын еді. Сондықтан да Жәңгірдің төңірегіндегі қазақ батырлары өздерінің жасақтарының арасынан ең сенімді, құпияны сақтайтын сарбаздарды ғана соғысқа тартқан деп қорытынды жасағанымыз дұрыс. Сондықтан да санының аздығына қарамастан Жәңгірдің жасағы осы соғыста ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті.
Келесі, 1030 – жылқы жылы қалмақтар қырғыздарға тиісті. Бұл соғысқа 5000 қолды бастап барған Қарасай, жанталаста атақты қалмақ билеушісі Батырдың өзіне қарсы кездесіп қалып, оның оң қолын шауып түсірді. Осы жарадан қоңтайшы көп кешікпей қайтыс болды. Бұл, әрине, қайталанбас, теңдесі жоқ ерлік еді.
1664 (ескіше 1042 ұлу) жылы Қарасай ұрысқа ақырғы рет алпыс алты жасында шықты. Арқос Аңқойынан (қазірше Жоңғар қақпасы) екі мың торғауыт Наймандар мен Жалайырларға шабуыл жасап, Қарасай мен Ағынтай тағы да ұрысқа кіріп, жауды қуады. Осы ұрыста Қарасай батыр ауыр жараланды. Ағынтай батыр да аяғынан жараланып, ақсақ болып қалады. Қарасай батыр бірсыпыра туғандарымен өзінің қандыкөйлек досы Ағынтай еліне көшіп барады. Онда бір жылдай тұрып, 1671 доңыз жылының тамыз айында жетпіс үш жасында дүниеден өтеді. Сүйегі Арқада, Айыртауға қойылды.
Қарасайды халқы ұмытпайды. Оны топонимикалық атаулар дәлелдейді. Кезінде Қарасайдың қалмаққа қарсы ерлік күресінің куәсі болған жер-су атаулары да халыққа кеңінен әйгілі болды. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Қазыбек бек Тауасарұлы осыған байланысты былай деп жазып кеткен: “Жетісуда Қарасай атымен аталатын жеті сай, үш қыстақ, бір тау, бір шоқы бар. Бұлар бекер аталмаған. Қаратауда үлкен үңгір бар. Мен бұл үңгірді өзім көрдім. Үңгір бірнеше тармақтан тұрады. Бір үлкен ұрыста Қарасай батыр барлық мың кісілік қолымен осыған кіріп паналаған. Қарасай соғыс салғанда, Есім хан соны Қарасай атымен атауға әмір етіп отырған”. Бұл ХVІІІ ғасырда айтылған дерек. Одан бері қаншама уақыт өтіп кетті. Уақыт өте келе топонимикалық атаулардың түрлі себептермен өзгерістерге ұшырайтынын бәріміз білеміз. Солай бола тұрса да, Қарасай батырға байланысты кейбір атаулар әлі күнге дейін сақталып қалған.
Айбынды батырды есте қалдыру үшін елімізде біраз жұмыстар жасалды. Елдің басты қалаларында оның атында көшелер бар. 1999 жылы Петропавл қаласының театр алаңында Қарасай мен Ағынтай батырлардың ұлы достығының құрметіне көрнекті ескерткіш тұрғызылды.
Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы ғылыми орталықтың директоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі.