«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЖАРЛЫ АЙЫРТАУ ТАБИҒАТЫМЕН БАУРАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Демалушылардың думанды ор­дасына айналған, табиғаты та­мылжыған Шалқар және Имантау көлдерінің жағалауларында 38 демалыс базасы бар. Бұл дема­лыс орындары тәулігіне 25 мың адамды қабылдай алады. Жыл соңына дейін олардың қатары тағы 7 демалыс базасымен то­лықпақ. Алайда, нысандардың ба­сым бөлігі жаз мезгілінде ғана жұмысын жүргізетіні көңілге кір­бің түсіреді. Себебі, олардың тең жартысы инфрақұрылымдық же­лілерге қосылмаған. Атап айтар болсақ, 26 база бүгінге дейін жа­рықсыз отырса, 25-сіне орталықтан­дырылған су жүйесі тартылма­ған. Ал жыл он екі ай жұмыс істейтіндері саусақпен санарлық­тай. Осы орайда “Шалқар-Имантау” демалыс аймағында қысы-жазы қызмет атқаратын “Изум­рудное” демалыс орны тартымды­лығымен танылғанын атап өт­кен жөн.

Бір жылдың ішінде тұрғы­зылған демалыс базасы бір уақытта 80 адамды қабылдай алады. Дем­алыс кешенінің басшысы Александр Воронов еңбек жолын қара­пайым тракторшы болып бастаған. 1989 жылдан “Лобано­во” кеңшарында трактор-егіс бригадасын басқарды. Іскер азамат кәсібін кеңейту мақсатында Шалқар көлінің жағасында демалыс базасын ашып, туризм саласында бағын сынап көруге кіріседі. Ал бүгінгі күні бұл саланың қыр-сырын терең меңгеріп алды.
– Бүгінгі таңда тау асып, ше­телге сабылмай-ақ, өз елімізде де демалуға болады. Біз дема­лушыларды жыл бойы қабылдап, қызмет көрсете аламыз. 80 орын­дық демалыс кешенінің құрылы­сына 50 миллион теңге қаржы жұмсалды. Нысандардың барлы­ғы жайлы, – дейді Александр Ва­сильевич.
Қазіргі уақытта екіқабатты қонақүй салынуда. Кәсіпкердің өзге әріптестерінен басты айыр­ма­шылығы – ол бұл бастамасын толығымен өз қаражатына жүзеге асыруда. Бүгінге дейін кәсібіне 80 млн. теңгеден астам қаржы құйған. Қаладағы күйбің тірліктен шаршағандарды сұлу табиғат және іші жайлы әрі жылы екіқа­батты коттедждер күтіп тұр. Шалқар көлінің жағасында қайықтар мен басқа да жүзу құралдары бар.
Демалушыларды көбірек қабылдау үшін ол алдағы уақытта үйлердің санын көбейтуді жос­парлап отыр. Себебі, биыл ашылған туристік базаға сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Мә­селен, қазір коттедждердің тек бі­реуі ғана бос. Қалғандары ты­нығушыларға лық толы. Айыр­тау­лықтардан бөлек, өзге өңірлердің тұрғындары және Ресейдің шекаралас облыстарынан дема­лушылар келуде.
Туристік базаның жұмысын жүргізу бір адамға оңай соқпасы анық. Сондықтан Александр Васильевичке үлкен ұлы Юрий көмектесуде. Ол қонақтарды қарсы алу, жайғастыру және экскурсия жүргізу міндеттерін атқарады.
– Ашылғалы бері жұмыссыз отырған күніміз жоқ. Қазір ауа райы салқын болса да туристер ағылып жатыр. Коттеджердің ба­ғасы да қолжетімді. Клиентте­рі­міздің көңілінен шығу үшін қолдан келгеннің барлығын жасаудамыз. Басқа демалыс базаларында дәл мұндай жағдай жасалған деп айта алмаймын, – дейді ол.
Демалыс орындары көпшілікке қолжетімді бо­луы керектігін ескерген басшы­лық алдағы уақытта сервистік қызметті дамыту мәселесін қолға алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, демалыс орнына апаратын жолды қалпына келтіру және интернет арқылы жарнамалау шаралары қолға алынбақшы.
Бүгінгі күні “Шалқар-Имантау” демалыс аймағын дамыту бо­йынша атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы маман­дарының айтуынша, демалыс аймағы ішкі туризм саласын да­мы­ту­дың 2019-2025 жылдарға ар­нал­ған бағдарламасы аясында ел бойынша үздік 10 жобаның тізі­міне кірген. Кешенді жоспарға сәй­кес инженерлік және автокөлік инфрақұрылымын салу, демалыс аймағын абаттандыру, инвестор­лар­ды тарту, маркетинг, жарна­малауды жүзеге асыру көзделген. Туристер санын көбейту үшін Айыр­тау ауданына баратын тозы­ғы жеткен көлік жолдарын жөндеуге 3 млрд. теңге бөлінді. Өңір тұрғындарының қажеттілі­гіне сай қолға алынған бастама­лардың бірқатары өткен жылы аяқталса, кейбірі әлі де жалға­суда. Соған қарамастан, пайда­ланылмай жатқан резервтер баршылық, жыл бойы жұмысын жүргізетін туризм нысандарының саны әлі де аз.
Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова атап өткендей, соңғы үш жылда өңірімізге келген турис­тердің саны 39 пайызға артқан. Өткен жылдың алғашқы 9 айында облысымыздағы 109 туристік нысан 126 мың қонаққа қызмет көрсет­кен. Ал Шалқар мен Имантау көл­деріне жиі келетіндердің 80 пайы­зын Ресейдің шекаралас облыс­та­рының тұрғындары құраған. Демалушылар қыс уақытында да келуге дайын. Ендеше, қажетті инфрақұрылым тартылған демалыс орындары­ның санын көбейту арқылы ғана жыл бойы жұмыс жүргізетін ту­ристік нысандардың қанат жаюы­на жағдай тудыра аламыз.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: демалыс базасының директоры А.Воронов; жаңа салынған демалыс кешені.
Суреттерді түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp