Петропавлдағы облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында «Сәлем, орталық!» атты «Ашық есік» күні өтті. Бұл күні өңір тұрғындарына орталықтағы үйірмелер мен спорттық секциялар туралы мағлұмат беріліп, келушілер назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. 2019-2020 оқу жылында орталықта түрлі бағытта 70 шығармашылық бірлестік балалар игілігі үшін жұмыс істемек.
Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы жыл сайын қыркүйек айында «Ашық есік» күнін өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұнда спорт, қолөнер, музыка, актерлік шеберлік, робототехника бағытындағы үйірмелерге 6-18 жас аралығындағы балалар қабылданады.
Орталықтың әдістеме кабинетінің меңгерушісі Жәмила Күжібаеваның айтуынша, өткен оқу жылында орталықта «Мұрагер» домбыра үйірмесі, «Жас журналист», «Маска» театрлық студиялары ашылған болатын. Биыл да дәл осы үйірмелер өз жұмысын жалғастырады. «Тәрбиеленушілеріміз – көптеген республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпаздары. Келем, үйренем деушілерге есігіміз ашық», – деді Жәмила Күжібаева.
Петропавлдық Әділхан Кенжебай орталықтағы робототехника үйірмесіне қатысып жүргелі 2 жылдан асыпты. Бүгінгі күнге дейін түрлі республикалық сайыстардың жеңімпазы атанып үлгерген ол: «Техниканы жақсы меңгеру – заман талабы» деген пікірде. Бұл күні Әділхан балалар мен олардың ата-аналарына үйренгенін көрсетіп, шеберлік сағатын өткізді.
«Бірінші жартыжылдықта мен – робот құрастыруды, ал екінші жартыжылдықта бағдарламаларды үйрендім. Қазір барлығын тез әрі еш қиындықсыз жасай аламын. Бұл үйірмеге әрі қарай қатыса беруді жоспарлап отырмын», – дейді Әділхан.
Биыл орталықтағы түрлі үйірмелерге қатысатын балалар 2 халықаралық, 4 республикалық, 25 облыстық сайыста өз бақтарын сынамақ. Бүгінгі күні 70 шығармашылық бірлестікке 1000-нан астам бала қатысып жүр.