Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің соңғы курс студенттерімен кездесті. Ішкі істер министрлігінде алғашқы дайындықтан өту тәртібі мен талаптары жайлы айтылған шараға 450-ден астам студент жиналды.
Шараны ашқан университет ректоры Серік Өмірбаев кездесудің маңыздылығына тоқталды. Өйткені, жастар толғандырған сұрақтарын департамент бастығына қою арқылы өздеріне қажетті әрі нақты ақпараттарды ала алады. Жақында Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаев жергілікті университетке ресми хат жолдапты. Онда жоғары оқу орны мен полиция департаменті меморандум аясында түлектерді құқық қорғау органдарына жұмысқа орналастыру бағытында бірлесіп әрекет ету керектігі жазылған.
Осыдан кейін сөз алған Марат Төлебаев департамент жұмысы жайлы баяндап, жастарды ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын жүзеге асыру барысымен таныстырды. Тәртіп сақшыларын әлеуметтік қолдау шараларына ерекше көңіл аударды. Шілде айынан бастап полицейлердің еңбекақысы қызметтік міндеттеріне байланысты 20 пайыздан 65 пайызға дейін артты. Бірқатар лауазым иелерінің баспана ақысы төленеді. Ал жаңа қызмет орнына ауысарда, ақшалай өтемақы беріледі.
Кездесуде зейнетақымен қамсыздандырудағы ерекшеліктер жайлы да айтылды. Студенттер де белсенділік танытып, полицейлерге сұрақтарын жаудыртты. Олар, көбінесе, жұмыс істеу шарттары, қызметке жаңа кіріскендердің ғана емес, басшылықтың да еңбекақысы, басқа факультетті тамамдаған түлектердің құқық қорғау органдарында жұмысқа орналасу мүмкіндігі жайлы сұрады.