М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің өкілдерімен бірлесіп, Уәлиханов ауданына екіапталық археологиялық экспедицияға аттанды. Шара “Рухани жаңғыру” бағдарламасының әрі екі оқу орнының арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды.
Жергілікті ғалымдардың айтуынша, аудандағы Береке ауылына жақын маңдағы Қызылоба деген жерде 1,5-2 метрлік обаның астында Алтын Орда дәуірінен қалған кесене орналасқан. Әлихан Бөкейханов пен Әлкей Марғұланның жазбаларында аталған ортағасырлық ескерткішке сілтемелер кездеседі. Алайда, жергілікті археологтарға дейін оны ешкім мұқият зерттей алмаған.
Жоғары оқу орындарының екінші курсында оқитын 15 тарихшы-студент тәлімгерлерінің жетекшілігімен бүгінде оқу тәжірибесі ретінде қазба жұмыстарын жүргізуде. Уәлиханов ауданының әкімдігі олардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауда.
СҚМУ-дің тарих кафедрасының доценті Анатолий Плешаковтың айтуынша, өңірімізде мезолит дәуірінен орта ғасырға дейінгі 600-ден астам сәулет нысаны сақталған. Тарихи оқиғаларға байланысты көптеген нысандар аз зерттелген, көпшіліктің олардан хабары жоқ. Сондықтан ғалымдар Қызылоба жерінде сақталған тарихи-мәдени мұраларды іздестіру жұмыстарын қолға алды.
Сурет http://nkzu.kz сайтынан алынды.