«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ОҚУЛЫҚТАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті залында қазақ тілінде жарыққа шыққан жаңа оқулықтардың тұсаукесері өтті. Шараға оқу ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен әлеуметтік-гуманитарлық бағытта білім алып жүрген студенттер қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” бастамасын іске асыру мақсатында университеттің кітап қоры әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы жаңа 30 басылыммен толығып отыр. Бүгінде бұл оқулықтар әлемнің үздік оқу орындары саналатын Кембридж, Оксфорд және Гарвард университеттерінде пайдаланылып келеді. Енді, міне, олар мемлекеттік тілімізге аударылып, қазақстандық жастарға жол тартып отыр. Білім ордасының ректоры Серік Өмірбаев: “Былтыр бізге “100 жаңа оқулық” жобасы бойынша 17 кітап топтамасы түскен болатын. Олар оқу бағдарламасына енгізіліп, студенттеріміз бір жыл көлемінде білімдерін толықтырды. Ал осы жолғы қолымызға тиіп отырған оқулықтар философия, тарих, халықаралық құқық, лингвистика салалары бойынша жазылған”, – дей келе, кітапхана қорын танымал авторлардың еңбектерімен толықтыру мұнымен тоқтамайтынын жеткізді.
Шынымен де, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында пайдаланылатын оқулықтар – бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда таптырмас құрал. Мәселен, бұған дейін журналистика, тарих, философия және құқық мамандықтары бойынша білім алатын студенттер оқулық жетіспейтіндіктен, өзге тілдерде жазылған кітаптарды аударуға мәжбүр болатын. Оқытушылар да оқу бағдарламасын дайындау кезінде көп қиындыққа тап болған. Университетте бірнеше жыл бойы сабақ беріп келе жатқан тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Бимақанова мемлекет ұсынып отырған мұндай көмекке риза. “Бұл еңбектердің әлем бойынша ең үздік 800 оқулық арасынан іріктеліп алынғанын айтып өткен жөн. Жастарымызға осындай таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалып отырғаны біз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын ”, – деді Зылиха Шахметқызы.
Бүгінде СҚМУ студенттерінің 60 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алады. Сондықтан білім ордасы оқытушыларының пікірінше, мемлекеттік тілдегі оқулықтар қатарын молайту күн тәртібінен түспеуі тиіс. Пайдаланушыларға қызмет көрсету және қорларды сақтау бөлімінің басшысы Гүлмира Темірованың айтуынша, соңғы уақытта университетте бұл бағыт бойынша маңызды шаралар қолға алынған. Мысалы, оқу орнының ғылыми кітапханасында қазақ тіліне аударылған әдебиеттер саны артып, кітап қоры бір миллионнан асып түскен.
Алдағы екі күн бойы университет оқытушылары мен студенттеріне аталмыш кітаптарды таныстыру бойынша семинарлар ұйымдастырылатын болады.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp