Тәртіп сақшылары өткен демалыс күндері жол апатын тудырып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады.
Петропавл қаласындағы Әуезов көшесінің бойында орын алған жол-көлік оқиғасы түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Айналма жолмен келе жатқан ресейлік нөмірлі “ВАЗ 21120” маркалы автокөліктің жүргізушісі жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетіп, “Honda CIVIC” автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан “Honda CIVIC” көлігі жол шетіндегі “DAF” ауыр жүк көлігіне барып соғылған. “ВАЗ 21120” көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан бірден ізін суытып, екінші көліктің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақатымен үшінші қалалық ауруханаға жеткізілді.
Екі күнге созылған іздеу шараларының нәтижесінде полицейлер 1959 жылғы Петропавл қаласының тұрғынын құрықтады. Ол жауапкершіліктен қорыққандықтан қашып кеткенін айтқан. Себебі, жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен. Автокөлік “Береке” шағынауданында тұратын туыстарының үйінен табылып, айыппұл тұрағына жеткізілді.
Cурет https://www.afanasy.biz сайтынан алынды.