Облысымыздағы Ботай археологиялық ескерткішін кеңінен насихаттау мақсатында өңірде халықаралық суретшілер симпозиумы өтуде. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен көптеген қылқалам шеберлері қатысуда.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған симпозиум барысында қатысушылар үшін Айыртау ауданындағы мұражай-қорықтың аумағында пленэр ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар олар Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне барады деп жоспарланып отыр.
– Бұл шараның мақсаты – симпозиумге қатысу үшін өңірге келген суретшілерге өлкеміз және мұндағы тарихи маңызы зор ескерткіштер туралы мол мағлұмат беру. Яғни, олардың рухани әлемін байыту. Қылқалам шеберлерінің барлығы да аталмыш мемлекеттердегі Суретшілер одағының мүшелері болып табылады, – дейді облыстық мұражайлар бірлестігінің жетекшісі Гүлнәр Мұқышева.
Суретшілердің айтуынша, бұл рухани маңызы зор шара олардың өңір туралы жаңа суреттерді, туындыларды қағаз бетінде түсіруіне зор септігін тигізеді.
Айта кетерлік жайт, осы симпозиум барысында қатысушылар Айыртау ауданында өтетін Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінің бой көтеруіне 20 жыл толуына арналған салтанатты шараға қатысатын болады. Сонымен қатар 24 қыркүйек күні олар “Березка“ балалар сауықтыру лагерінде жас ұрпаққа арналған шеберлік сағаттарын өткізбекші. Ал қыркүйектің 27-сі күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайында көрме өтеді.
http://petropavltv.kz