Соңғы күндері әлеуметтік желі парақшаларында мемлекеттік қызметшілерді “Достық Молл” сауда-ойын-сауық орталығы ғимаратының еденін жууға мәжбүрлегені жөнінде жазба талқыға түскен еді. Қосымша жұмыс күші құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ғимаратты тезірек жинап, пайдалануға беруге дайындау үшін жұмылдырылған-мыс.
Бүгінде бұл ақпараттың дұрыстығын құзырлы органдар тексеріп жатыр. Осыған дейін сауда үйінің ашылуы бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын. Ал өткен аптада ғимараттың 16 қыркүйек күні пайдалануға берілетіні хабарланды. Алайда, неге екені белгісіз, тағы да кейінге қалдырылды.
Әлеуметтік желідегі жазбаларға сәйкес, ғимаратты тазалауға мемлекеттік қызметшілермен қоса жалғызбасты зейнеткерлерге көмектесетін әлеуметтік қызметкерлер де жұмылдырылмақ болған.
– Петропавл қаласы әкімінің және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының атына аталған деректер расталған жағдайда, оларды жою жөнінде ескерту хаттар жолдадық. Қазір ғимараттарды тазалау қызметін көрсететін арнайы компаниялар бар. Жеке нысанның иесі бұл жұмыстарды өз күшімен ұйымдастыруға міндетті. Ал мемлекеттік қызметшілердің басқа жұмыс арқылы қосымша ақша табуға хақылары жоқ, – деді Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Елена Степаненко.
Оның айтуынша, аталған фактілер мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жалпы талаптарды бұзу болып саналады. Сондықтан олар расталса, басшылыққа қатысты тәртіптік іс қозғалып, әдеп кеңесінде қаралатын болады. Сонымен қатар Елена Федоровна Петропавл қалалық әкімдігінің бұл ғимаратқа ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. Басшылықтан өз қызметтік міндеттеріне жатпайтын осындай тапсырма алған мемлекеттік қызметшілер өз құқығын қорғау үшін департаментке жүгіне алады.
Ал Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин мемлекеттік қызметшілердің ғимараттың еденін жумағанын, өздерінің қызметтік міндеттерін орындағанын айтты. Өйткені нысан облыс әкімінің қатысуымен өтетін ашылу салтанатына дайындалып жатқан екен. “Әлеуметтік желідегі жазбалар расталған жоқ. Ал ресми түрде қызметтік шағым түскен жоқ”, – деді ол.
Сурет http://dostykmall.kz/ сайтынан алынды.