Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ауғанстан Ислам Республикасының қаржы министрі Мохаммад Каюмимен кездесіп, екі жақты іскерлік байланысты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойды.
Экономикалық тұрғыдан екі ел арасындағы сауда-саттық байланысын дамыту қос тарап үшін де маңызды. Бір жарым ай бұрын Ауғанстан Ислам Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Фархат Мохаммад бастаған ресми делегация келіп, әріптестікті нығайту жайын жан-жақты талқылаған еді.
– Өткен жылы Ауғанстан елімен сауда-саттық айналымы 43 млн.долларды құрады. Өңіріміз Ауғанстанға ұн, жұмыртқа, зығыр жөнелтеді. Үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айында экспорт көлемі 76 млн. долларға жетті. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда экспорт көлемі 6,3 пайызға өсті, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов сауда-саттық ауқымын кеңейту мақсатында Ауғанстанға экспорттайтын өзге де өнім түрлері бар екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Қызылжар өңірі Ауғанстан үшін өнімдерін таратуға ыңғайлы екені де айтылды.
Өз кезегінде Ауғанстан Ислам Республикасының қаржы министрі Мохаммад Каюми Қызылжар өңірінің сұлу табиғатына тәнтті болғанын жеткізді. Екі жақтың іскерлік байланысының нығаятынына сенім білдірген ауғанстандық министр біздің өңір арқылы Ресейдің шекаралас облыстарымен байланыс орнатуға мүмкіндік туатынын да жасырмады. Құрметті қонақ сауда-саттық байланысын кеңейту мақсатында Ауғанстанда мәрмәрдың 40-тан астам түрі өндірілетінін және тауарды әуе кеңістігі ғана емес, темір жол тораптары арқылы да жеткізу мүмкіндігі бар екенін айтып өтті.