Жүсіп Баласағұн бабамыз: “Ізгілік қыл, ізгілік көп кісіде, әсерлі ғой ізгілердің ісі де”, – деп айтпақшы қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттің бірі. Мұқтаж жандарға көмек қолын созу – сауапты іс. Тұрғындар арасында қайырымдылық шараларын кеңінен насихаттап, жомарт жандарды көпшілікке үлгі ету мақсатында елімізде екінші жыл қатарынан “Қайырымдылық керуені” байқауы ұйымдастырылуда. Бұл туралы орталық комминикациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
ҚР тұңғыш Президент Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен өтетін шараның басты мақсаты – жомарт жандарға қолдау білдіріп, өскелең ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, байқау барысында еліміздің әр түкпірінен қолы ашық жомарт жандар мен мейірімді меценаттар мұқтаж адамдарға көмектеседі.
Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде қатысушылар іріктелуде. Үміркерлердің өтініші 26-шы қарашаға дейін қабылданады. Қайырымдылық байқауының облыстық кезеңі желтоқсан айында қорытындыланса, ақтық кезең Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Жеңімпаздар “Асар”, “Туған жер”, “Батыл жүрек”, “Мейірім жолында”, “Қайырымдылық тарихы” сынды бес аталым бойынша марапатталмақ.
– Әрбір адамның бұл байқауға қатысуға мүмкіндігі бар. Өткен жылы 97 адам өтініш берді. Олардың арасында алпыстан асқан азаматтар көп. Бұл шарадан жастар да қалыс қалмай, мұқтаж жандарға қолдау көрсете алады, – деді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева.