Елімізде ескі көліктерді қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Көлік иелері тапсыратын құжат саны қысқартылып, шығарылған жылына қатысты талаптар өзгерді, төлемақы көлемі артты.
Бұдан былай тозығы жеткен көліктерді қайта өңдеуге тапсыру үшін бар болғаны үш құжат талап етіледі. Көлікті есептен шығару туралы анықтама, жеке куәліктің көшірмесі және банктік есепшот. Ал тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын тапсырған жағдайда екі құжат сұралады. Ол – техниканы есептен шығару туралы анықтама мен жеке куәліктің көшірмесі. Сонымен қатар тозығы жеткен көліктерді тапсыру жөніндегі өтінімді қарастыру мерзімі екі күнге қысқартылды. Бұрын 3 күннен 15 күнге дейінгі уақыт кететін-ді.
Өткен жылдың қараша айынан бастап елімізде істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеуге қабылдаудың жаңа қанатқақты бағдарламасы іске қосылған болатын. Ескі тракторлар мен комбайндарды тапсырған азаматтарға арнайы сертификаттар беріле бастады. Өтемақы сомасы 560 мыңнан 2 млн. теңгеге дейін жетеді. Сертификат иелері оны Қазақстанда жасалған жаңа техника сатып аларда алғашқы жарна ретінде пайдалана алады.
Тағы бір жағымды жаңалық – енді тозығы жеткен жүк және жолаушылар көлігін тапсыратындарға да ақшалай өтемақы берілетін болды. Төлем сомасы тапсырылатын көліктердің санатына байланысты айлық есептік көрсеткіш бойынша бағаланады. Айталық, “М2”, “N1” және “N2” санатындағы көлік құралдарына 144 АЕК (400 032 теңге) беріледі. Осы санаттағы толық емес жиынтықтағы көліктерге 126 АЕК (350 028 теңге) төленеді. Ауыр салмақты жүк көліктері (“М3”, “N3” санаты) 600 мың (216 АЕК) немесе 550 мың теңгеге (198 АЕК) бағаланады.
Энергетика министрлігінің бастамасымен қолға алынған экологиялық бағдарламаны “ӨКМ операторы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Оператор еліміздің 17 қаласында қабылдау бекетін ашқан. 2016-2020 жылдар аралығында облыс бойынша 7100 көлік қабылданған. Оператордың өңіріміздегі бекетінің жетекшісі Оразтай Әбдірахмановтың айтуынша, ескі көлігін тапсыруға ынталылар әлі де көп.
–Былтыр солтүстікқазақстандықтар ескі техниканы қабылдау бекетіне 20 трактор мен 5 комбайн тапсырды. Оларға, сәйкесінше, 1 және 2 млн. теңгенің жеңілдік сертификаттары табысталды. Нәтижесінде “ӨКМ операторы” ЖШС-і петропавлдықтарға 30 млн. теңге көлемінде өтемақы төледі. Қаңтар айының 18-інен ескі көлігін өткізіп, өтемақы алғысы келген тұрғындардан өтінімдерді қабылдауды қайтадан бастаймыз, – дейді Оразтай Әбдірахманов.
Былтыр өңірде 1300-ге жуық “темір тұлпар” қайта өңдеуге жіберілген. Оның 900-і жеңіл көлік, әрқайсысына 200 мың теңге көлемінде өтемақы төленді. Ал 227 жүк көлігі мен автобусты тапсырғандарға, сәйкесінше, 400 және 600 мың теңгеден берілді.
Петропавл қаласының тұрғыны Карен Заргарян “ВАЗ-2106” маркалы автокөлігін өткен жылы ескі техниканы қабылдау бекетіне тапсырған. 1997 жылғы көліктің қозғалтқышы істен шығыпты. Жөндеп шаршаған ол қаражат қосып жаңа “темір тұлпар” сатып алу оңай екенін біле сала бірден осында келген.
– Қазан айында көлігім істен шықты. Техникалық қызмет көрсету стансасының мамандары қозғалтқышты жаңасына ауыстыруға болатынын айтты. Есептей келе тым көп қаржы жұмсау керектігі белгілі болды. Петропавлдағы “ӨКМ операторы” серіктестігіне қоңырау шалып, көлігім үшін төленетін қаражаттың сомасын біліп алдым. Нәтижесінде ескі техника қабылдау бекетіне машинамды әкеліп, үш жұмыс күннің ішінде 200 мың теңге көлемінде өтемақы алдым, – дейді қала тұрғыны.
2016 жылдан бері жүріп жатқан утилизациялау бағдарламасының арқасында жұрт ескі-құсқысынан құтылуға мүмкіндік алса, қайта өңдеу өнеркәсібі үшін бұл шикізат көзі болып табылады. Бағдарлама басталғалы ел тұрғындары 164927 техника тапсырыпты. Оның 54634-іне көлік алуға жеңілдік сертификаттары берілсе, 27 мың отандасымыз осы мүмкіндікті пайдаланған. “ӨКМ операторы” ЖШС-і баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес 2020 жылы ел бойынша техника қабылдау бекеттеріне 41262 мың ескі көлік жеткізілген. Өтемақы көлемі 7 млрд. теңгені құрады. Барлық тозығы жеткен техника Қарағанды қаласындағы “Recycling Company” ЖШС-нің зауытына жөнелтіледі. Онда көлік қалдықтары қайта өңделеді. Оператордың биылға арналған жоспары да ауқымды. Жыл соңына дейін 45 мың көлік пен 2380 ауыл шаруашылығы техникасы қабылданады деп күтілуде.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltústik Qazaqstan”.