«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ҰЛАҒАТ КӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Баланың болашағы отбасында­ғы ата-ананың берген тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты екенін өмірлік тәжірибе анық байқатып жүр. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген екен атам қазақ. Халқымыздың ғасырлар бойы жинақтап, сүзгіден өткізген iзгi қасиеттерiн жеткіншектің тал бойына ұялата отырып, өмiрге деген көзқарасын және соған сай мiнез-құлқын қалыптастыру жолдары сан алуан. Ұлттық тәрбие бүгінгі таңда ауадай қажет. Қоғамда жиі кездесетін келеңсіз көріністерге үйреніп кеткеніміз соншалық, қалыпты құбылыстай қабылдайтын болдық. “Қиын” балалар жайлы сөз қозғала қалса, өзімізді емес, өзгені кінәлауға бейімбіз. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің: “Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін білім” деп көрсеткеніндей, қажеттілікке жараған білім ғана құнды рухани игілікке айналмақ. Ұлттық құндылықтармен сусындаған ұрпақ қана болашақты гүлдендіреді, тәуелсіз еліміздің нығаюына қызмет етеді.

Отбасындағы тәрбиенің діттеген мақсаты – баланың жасын, жеке және психикалық ерекшеліктерін ескере отырып, өз тегін жалғастыратын лайықты ұрпақ өсіру. Балаға тәрбие негізінен ана құрсағында жатқан кезден бастап беріледі. Абай нәр алған данышпандықтың бастауы неде? Оны ұлылыққа ұмтылдырған тәлім-тәрбие көзі отбасыда жатыр. Мейірімді ананың құрсағынан шыққан сәбиді парасатты, дарқан мінезді әженің шапағаты халықтық тәлімнің ғасырлар бойы қалыптасқан алтын бесігімен тербей отырып өсірді. Осы уақытқа дейін зерттеліп жеткен деректерде Абайдың туған анасы – Ұлжан да, бауырына басып адамдықтың алғашқы әліппесін үйреткен әжесі – Зере де аттары аңыз болған инабатты жандар. Зерделі сәбидің ақыл тәрбиесі оянғаннан-ақ бесік жырынан бастап, халқымыздың ұлан-ғайыр таңғажайып әдебиеті телегей-теңіз тереңімен тербеп, мұхитқа құлаш ұрғызды. “Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, үннің тәтті оралған мәні оятар” – деген өлең жолдарында құрсақтағы баланың ананың көңіл күйінен нәр алып, өсетіндігін әуенге теңеп, ұйықтап жатқан жан иесінің жүрегін оята­тынын меңзеп, жүрек тәрбиесінің ана құрсағында дамитынын, адам тіршілігіндегі жүрек ықпалын Абай өз шығармаларында, қарасөздерінде ұрпақ тәрбиесінде үлгі етіп, таңғажайып тұжырым жасаған. Адам тәрбиесінің қос қанаты – жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесі бірін-бірі жетелей дамиды, Абай айтатын нұрлы ақылға бай толық адамның тұлғасы осылайша қалыптасса керек.
Өз басым осы күнге дейін әжемнің айтқан аңыз әңгімелерін ұмытқан емеспін. Кешке таман үйдегі үлкен аға-әпкелерімнен қа­лыспай әжеміздің жан-жағына айнала отыра қалып, аузымызды ашып, тыңдайтынбыз. Әңгімелері ешқашан қайталанбайтын, түрленіп отыратын. Өмірде шын болғандай етіп нақышына келтіріп, майын тамызып, түр-түрін айтатын. Қазір ойлансақ, әжеміз оқи да, жаза да білмеген. Есте сақтау қабілетінің күштілігі таңғалдыратын. Осындай әжелерді көзбен көріп, тәрбие нәрін алып өскен ұрпақ шын бақытты. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіне қатысты педагогикалық идеялары мен тәрбиелік тәжірибелері өте бай. Отбасы – халықтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының сақтаушысы. “Ат тұяғын тай басар” деп аға ұрпақ келер ұрпақтың ата салтын бұзбауын талап еткен. Ұлттық тәлім-тәрбие ілімінің негізін салушы Мағжан Жұмабаев бұл жөнінде былай деген: “…Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін, әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек…”.
Отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері туыстық қарым-қатынасқа, жеті ата туралы түсінікке, перзенттік парыз бен қарызға, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттерге негізделген. Тұр­мыс-салтқа байланысты туған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің бәрінде халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс беріп отырады. Қазақта құнды өсиеттер аз емес. Мысалы: жеті қазына, жеті ата, жеті жұт, жеті күн, жеті ғалым, жеті әулие, жеті жоқ, жеті жетім, бес қару, бес өсиет, бес намаз, бес жаратылыс, бес қатер, үш ғайып, үш қуат, үш даусыз, үш арсыз, үш тәтті және т.б. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы “ұлттық” деген сөздің астарында елге, жерге, тілімізге, дінімізге деген зор құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде бастауыш сыныпта атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни, тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды.

Гүлмайда МҮСЕТАЕВА,
“Өрлеу” БАҰО облыстық филиалының оқытушысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp