Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен атқарушы органдар бірлесіп, дуалды оқытудың жол картасын жүзеге асыруда. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың оң ықпалы бар екенін түсінген білім беру мекемелері де осы жүйеге біртіндеп көше бастады. Солардың бірі – біздің кәсіби дайындық және сервис колледжі. Жобаның бір артықшылығы, биылдан бастап студенттердің білім алу кезіндегі мерзімі олардың жұмыс өтіліне қосылатын болады.
Кезінде оқыту-өндірістік комбинаты ретінде ашылып, көп жылдар бойы құрылыс мамандарын даярлаумен айналысқан оқу орны уақыт ағымына орай колледж боп қайта құрылды. Қазір мұнда жалпы білім беретін және түзету мектептерінің түлектері жұмысшы мамандықтарын игереді. Олар үшін 8 шеберхана жабдықталған. Бірқатар кәсіпорынмен келісімшарт жасалып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндіктер қарастырылған.
Колледж ерекше оқытуды талап ететін балаларды сұранысқа ие мамандықтардың қыр-сырына баулып, кәсіби маман етіп шығарады. Қоғамға да бейімдейді. 1 жыл 10 айдың ішінде етікші, тігінші, шаштараз, омарташы етіп шығарады. Биыл орман шаруашылығы және бау-бақша ландшафтық құрылыс атты жаңа мамандық ашылды.
Дуалды оқытуға осыдан екі жыл бұрын көшкен болатынбыз. Нәтиже көңілден шығады. Диплом алып шыққан түлектеріміздің 95 пайызы жұмысқа орналасты. Омарташылық мамандығы ашылғанда аздап жүрексінгеніміз, сұраныс болмай қала ма деген күдіктің болғаны рас. Қазір бұл мамандыққа қызығушылардың қатары артып келеді. Оқуын тамамдаған түлектеріміз жеке кәсіптерін құрып, ара шаруашылығын дамытуға кіріскені қуантады. Колледж облыста омарташылыққа даярлайтын жалғыз оқу орны екенін ескерсек, келушілер қатарының молая түсетініне күмән жоқ. Студенттер тек теориялық білім алумен шектелмейді. Жазда аудандарға барып, араларды өсіріп-баптаумен айналысады.
Колледж негізінде мамандарды сертификаттау орталығы мен оқыту орталығы құрылған. Жұмыссыз жүрген тұрғындар өңірдің өндіріс ошақтарына қызметке тұрғылары келсе, осында қайта оқып, біліктілігін дәлелдейтін сертификатқа ие бола алады. Облыс аумағында дуалды оқыту жол картасы жүзеге асырылғалы бұл жүйеге 260 кәсіпорын мен 22 колледж қосылып отыр. Студенттер 27 мамандық бойынша білім алады.
Дуалды оқыту жүйесі жергілікті кәсіпорындардың білікті кадр тапшылығы мәселесін шешеді деген сенімдеміз.
Галина РЕЙБАНД,
кәсіби дайындық және сервис колледжі директорының орынбасары.