Мұғалім! Осы бір сөздің астарында қаншама мағына, жүрекке сәуле себелейтін жылылық жатыр десеңші?! Мамандықтың бәрі жақсы екеніне талас жоқ. Дегенмен, жан-жақты білімділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін ұстаз тұғырының орны бөлек. Оқушының екінші ата-анасы іспеттес. Болашаққа жол сілтер, бағыт-бағдар берер ақылшысы десек те бек жарасымды. Ақыл-парасатымен талай “тентекті” жуасытып, небір “еркені” азамат қылып қалыптастырғанына әркім куә.
Ұстаздық – ұлы қызмет дейтініміз, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де сол тәрбиелеп шығарады. “Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”, – деген екен батыр Бауыржан Момышұлы. Ұстаздық ету тек сабақ өткізумен ғана шектелмесі анық. Білім мен тәрбиені тығыз ұштастыру, жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті тани білу, одан әрі дамуына ықпал жасау – ерен еңбектің жемісі.
Мен 2013 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып еңбек етемін. “COVID-19” салдарынан білім ошақтары қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осы форматта білім алады екен. Рощин ауылдық округіне қарасты Белое орта мектебінің 1-4-сынып оқушылары штаттық тәртіппен, қалған оқушылар қашықтан білім алуда. Індет – уақытша сынақ, өтпелі құбылыс екенін жақсы түсінеміз. “Жұмыла көтерген, жүк жеңіл” дегендей, осы қиын сәттерде асқан шыдамдылық, темірдей төзімділік керек. Мектептегі бірлігі жарасқан ұстаздар қауымы өз жұмыстарын абыроймен атқаруды басты мақсат санайды. Қазақ “сабыр түбі – сары алтын” деп текке айтпаған. Тату-тәтті ұжым ортасында жүргенімді мақтан тұтамын.
Ұстаздар бағындыратын белестер әлі көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, алдымызда тұрған мүмкіндіктерді барынша пайдалану – осы дағдарыстан аман-есен шығуымыздың бірден-бір кепілі. Әркім өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындаса, алынбайтын қамал болмайды.
Светлана МАГУЯНОВА,
Белое орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі.
Қызылжар ауданы.