Аптаның орта кезі. Түс ауа ұялы телефоныма белгісіз нөмірден қоңырау шалынды.
– Алло, сіз пәленше боласыз ба (менің аты-жөнімді атап)?
– Иә, – деймін мен.
Телефонның арғы жағынан өзін таныстырған ер адам “Қазақтелеком” қызметкері екенін айтты. Сөйткенше болмай, мен тұратын үйдің мекенжайы мен пәтерімнің нөмірін атады.
– Дәл солай, – деп мен де әлгі оператордың сөзін растадым.
– Алматыдағы телекоммуникациялық компанияның бас филиалынан қоңырау шалып тұрмын. Қазір тұтынушылардың (клиенттердің) базаларын тексеріп жатырмыз. Кейбір деректерді анықтау үшін жеке мәліметіңіз қажет, – деді жігіт.
– Айта беріңіз, сізге қандай мәлімет беруім қажет?
– Техникалық ақауға байланысты кейбір деректерді анықтай алмай отырмыз. Ол үшін жеке сәйкестендіру нөміріңізді атай аласыз ба?
Бірер секунд үнсіздік орнады. Оператордың сөзі сенімге селкеу түсірді. Алматыдан хабарласып тұрған жігіт клиенттер базасында мен тұратын үйдің мекенжайын көріп тұрса, жеке сәйкестендіру нөмірін де білуі тиіс қой? Оның үстіне үй телефоны жолдасымның атына тіркелген болатын. Сондықтан оның техникалық ақау деген сылтауы қисынға келмейді. Интернет-алаяқтар туралы хабарламамен таныс болғандықтан, қандай да мәлімет беруден бас тарттым. Таңдайы тақылдаған жігіт те қояр емес.
– Кешіріңіз, сіз адрестен қателесіп кеттіңіз. Мен жеке мәліметті біреуге айтатындай ақымақ емеспін. Жемтік іздеген жыртқыштай адамдарға осылай шабуыл жасауды қойсаңдаршы, – деуім сол-ақ екен, ол телефон тұтқасын тастай салды.
Біреуге есе жібермегеніме іштей ризамын. Бірақ әлгіндей алаяқтар кез келген адамды сан соқтырары бек мүмкін. Қоғамда осындай келеңсіз көріністердің орын алып жатқанына қынжылдым. Біреуді алдаған, біреуге алданған заман-ай!
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА.