Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ернар Баянғазин «Antikor ortalyǵy» алаңында өткен онлайн-брифингте ведомоствоның 2020 жылы атқарған жұмыс қорытындылары жайлы баяндап берді.
Аумақтық ведомство басшысы атап өткендей, былтыр жүзеге асырылған кешенді іс-шараларға этномәдени орталықтар, дәстүрлі діндер өкілдері, бизнесмендер, оқушылар, студенттер, дәрігерлер, оқытушылар, еріктілер жасақтары жүйелі түрде қатысып азаматтық белсенділік көрсеткен.
– Қоғамдық індетті болдырмау, алдын алу мақсатымен былтыр сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 12 сыртқы талдау жүргізіліп, 14 мемлекеттік ұйым қамтылған. Олардың қорытындылары бойынша 147 ұсыным енгізіліп, 143-і орындалған, – деген Ернар Ерболұлы барлық мемлекеттік органдардың қызметінде цифрландыру элементтері енгізілгенін атап өтті. Департаменттің бастамасымен он төрт аудандық және қалалық әкімдік жұмысы сервистік моделге көшірілген. 192 ауылдық округте «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы қызмет етеді. Аудандар мен ауылдарда «ашық әкімдіктер» орналастырылған. Облыс орталығында «I komek» ахуал орталығы жұмыс істейді. 75 «Open space» және 60 фронт-кеңсе ашылған.
Спикердің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізуде, бастамаларды іске асыруда қоғамдық бақылауды күшейту маңызды рөл атқарады. «Қоғамдық бақылау» шеңберінде арнайы мониторингтік топтың өкілдері «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің қатысушыларымен және жұртшылықпен бірлесе отырып 15 тақырыптық мониторинг өткізіп, 96 заң бұзушылықты анықтаған. Қоғам белсенділеріне көмек ретінде «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» порталы іске қосылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын жұмыстардың барлық түрлері ашық, жариялы түрде қамтамасыз етіледі. «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталына да мониторинг жүйелі түрде жүргізіледі. «Бизнесті және инвестицияны қорғау» жобасы аясында 11 жергілікті және шетелдік инвесторлардан 36, 472 млрд.теңге құйылған. Шағын және орта бизнес салаларының 84 өкілі түрлі мәселелермен келіп, 67-нің арыз-шағымы шешімін тапқан. Кәсіпкерлік қызметті цифрландыру аясында, сатып алу нарығының ашықтығы мен қолжетімділігін қаматамасыз етуде «Сатып алудың бірыңғай терезесі» жүйесі енгізіліп, сервис сыйымдылығы 10 млн.теңгеден асқан. Мұның өзі сатып алу бағасын анықтауға, «көлеңкелі» айналымды қысқартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік берген. Жоба іске асырылғаннан бері жалпы үнем көлемі 1,3 млрд. теңгеге жуықтаған.
Ернар Ерболұлы өз баяндамасында өткен жылы орын алған қылмыстық жағдаймен де таныстырып өтті. Осы уақыт аралығында департамент бойынша 99 қылмыс, оның ішінде 81 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Келтірілген залал – 651,5 млн.теңге, бюджетке қайтарылғаны – 621,2 млн.теңге. 8 басшының қылмыстық әрекеттері әшкереленген. 22 адам сотталыпты. 12-сі айыппұл төлеп, 3-уінің бас бостандығы шектелген. Тиісті органдарға 35 ұсыным жолданып, 48 қызметші лауазымдық қызметінен босатылған немесе төмендетілген. Шағын және орта бизнеске заңсыз араласудың 121 оқиғасының жолы кесілген. Мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында 20 қылмыс анықталған. Тұтастай алғанда, құқықтық-әкімшілік ықпал ету шараларының арқасында өңірдегі сыбайлас жемқорлық көріністерінің деңгейі 6 пайызға төмендетілген.
Жан АЙМАҒАНБЕТОВ,
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
департаментінің баспасөз хатшысы.