«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАП ӨЗГЕРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2020 жылдың 1 шілдесінен бас­тап Білім және ғылым министрінің бұйрығы негізінде оқу ордаларының барлық деңгейлерінде білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының жаңа жүйесі бірізділенді. Педагогикалық құрамға, ұстаздардың біліктілігін арттыру мен арнайы курстардан өту жұмыстарына, мектептердің материалдық-техникалық базасына, білім беру қызметінің сапасын қамтамасыз ететін қажетті материалдық құндылықтарға қойылатын талаптар қайта қаралып, тізбесі бекітілді. Онда мектептегі оқу жоспарларының №604 бұйрықпен бекітілген бастауыш, негізгі, жалпы орта білім берудің мемлекеттік міндетті стандартына сәйкестігі қарастырылған. Яғни, білім беру ұйымының басшысы бекіткен үлгілік оқу жоспарларына негізделіп әзірленген оқу жұмыс жоспарларының көшірмелері болуы шарт. Бұған дейін барлық үлгідегі мектептер үшін біліктілік талаптары ортақ саналса, енді лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер үшін әртүрлі болады.

Оқу жұмыс жоспарының пәндеріне орайластырылып, тиісті бейіндері бойынша педагогикалық білімі бар педагогтардың үлес арасалмағына баса мән беріл­ген. Негізгі жұмыс орны лицензиат болып табылатын жоғары және бірінші санатты педагогтардың, педагог-сарапшылардың, педагог-зерттеушілердің, педагог-шеберлердің бастауыш білім деңгейіндегі педагогтардың жалпы санынан үлесі жалпы білім беретін мектептер, мектеп-гимназиялар, мектеп-лицейлер үшін кемі 25 пайыз, гиназияларда 30 пайыз болуы тиіс.
Жалпы білім беретін мектептер, мектеп-гимназиялар, мектеп-лицейлер үшін негізгі орта білім беру деңгейіндегі педагогтардың жалпы санынан негізгі жұмыс орны лицензиат болып табылатын жоғары және бірінші санаттағы педагогтардың, педагог-сарапшылардың, педагог-зерттеушілердің, педагог-шеберлердің үлесі 35 пайыздан, лицейде 40 пайыздан, оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы педагогтардың үлесі 30 пайыздан, гимназияларда 40 пайыздан, оның ішінде қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы педагогтардың үлесі 30 пайыздан, дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарында 45 пайыздан кем болмауы керек. Аудандық немесе облыстық конкурстар мен жарыстар кезеңдерінің жеңімпаздарын және білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен соңғы бес жылдағы республикалық конкурстар мен жарыстардың қатысушылары мен жеңімпаздарын даярлаған педагогтар бұл санатқа жатады.
Бұдан тысқары медициналық қызмет көрсету туралы мәлімет, оның ішінде медициналық пункттің және медициналық қызметке берілген лицензияның болуы немесе білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуге денсаулық сақтау ұйымымен жасалған шарттың көшірмесі талап етіледі. Санитарлық қағидалар мен нормалармен үйлесетін тамақтандыру объектісі жөнінде деректердің немесе білім алушыларды та­мақпен қамтамасыз ету шартының, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды актілерінің, өрт қауіпсіздігін тексеру нәтижелерінің көшірмелері болуы қажет.
Білім және ғылым, Ішкі істер министрлерінің бірлескен бұйрықтарына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарының орынжайларында және іргелес аумақтарында бейнебақылау камералары қойылады. Компьютерлік сыныптармен, интернет желісіне қосылған компьютерлермен жарақ­тандырылады. “Еdu.kz” аймағында үшінші деңгейдегі домендік атау, жабдықтар мен жиһаздар, бастауыш сыныптарда жеке пайдалануға арналған жабдықталған шкафтар орнатылады. Білім берудің ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдайлар жасалады. Ұлттық білім беру деректер қорының статистикалық мәліметтері білім беру ұйымының нақты деректерімен сәйкес келуі қажет.
Мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша бір ізге түсірілген талаптар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін тексеру парақтарының жаңа нысандарына енгізіледі. Қазіргі уақытта бұл бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Білім беру саласындағы заңнаманың сақталуын көздейтін профилактикалық және мерзімнен тыс бақылау жұмыстары жаңа біліктілік талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының қызметі де жаңашылдық сипатқа ие болады. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін тексеру парақтарының жаңа нысандары биылдан бастап қолданысқа енгізілді.
Біліктілік талаптары сақталмаған жағдайда заңды және жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Айнагүл СҰРАҒАНОВА,
облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету
департаментінің басшысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp