«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕПКЕН ДОБЫ МҮЛТ КЕТПЕГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Туриндік “Ювентус” клубының және Пор­тугалия құрамасының шабуылшысы Криш­тиану Роналду футбол тарихында соңғы 66 жыл өзгермеген рекордты жаңартты. Күні кеше Италия суперкубогы үшін “Наполи­мен” өткен матчта “Ювентус” 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Италия суперкубогын тоғы­зыншы рет жеңіп алған болатын. Бұл кездесуде Роналду спорттық мансабын­дағы 760-шы голды соғып, футбол тари­хындағы ең үздік бомбардир атанды. Ол – 15 мау­сым бойы кемінде 15 гол соққан жал­ғыз мер­ген. Португалиялық шебер 2006-2007 жыл­ғы маусымнан бері ешқашан бұл межеден төмен түсіп көрмепті.

Футболдың сиқыры – қақпада тула­ған добында. Аладопты серік еткен әрбір жеткіншек гол соғуды, өскенде шабуылшы бо­луды армандайтыны анық. Алайда, ше­берлікпен қатар табиғатынан дарындыла­ры ғана шабуыл шебіне аттанып, команда­сын алға жетелейді. Футбол тарихында Ро­налдудан басқа да голды қарша боратқан шабуылшылар аз болмаған.
Тулио Маравилья – 575 гол. Доп тебуді 1988 жылы “Гояс” клубында бастаған Тулио Ма­равилья 27 жылға созылған мансабын­да 40-тан астам команда ауыстырған екен. Олардың басым бөлігі бразилиялық клуб­тар. Еуропада тек Швейцарияның “Сьон” және Венгрияның “Уйпешт” коман­да­ларында ғана ойнады. Бас-аяғы 575 гол­дың авторы атанған Тулио Маравилья фут­бол тарихындағы үздік сұрмергендердің тізімінде 10-шы орынға жайғасқан.
Уве Зеелер – 575 гол. Неміс футболшы­сы спорттық мансабының басым бөлігін, яғ­ни 1953 жылдан 1972 жылға дейін “Гам­бург” командасында өткізген. ГФР құрама­сының капитаны. Сондай-ақ, Германия құ­рамасымен төрт бірдей әлем чемпионаты­на қатысқан. Сұрмерген 1960 жылы “Алтын допқа” үміткер болып, дауыс беруде үшінші орын алды. 1970 жылы соңғы голын ширек финалда Англияның қақпасына соқты да, турнир біткен соң құрамамен қош айтысты. 1995 жылы біраз уақыт “Гамбург” команда­сы­ның президенті қызметін атқар­ды. Бүгін­де кәсіпкерлікпен айналысады.
Ференц Деак – 576 гол. Футболшы бар ғұ­мырын тек бір чемпионатта ғана өткізген. Ференц Деак ресми гол саны бойынша Уве Зеелерден бір допқа артық соққан. Вен­грияның “Ференцварош” және “Дожа” се­кіл­ді белді командаларында ойнап, көзге түс­кен. Оған қоса Венгрия құрамасының жейдесімен 20 матчқа шығып, 29 голдың авторы атанған.
Герд Мюллер – 735 гол. Қатысқан бар­лық турнирде сұрмерген атанған Герд Мюл­лер футболшылық ғұмырының жартысын “Ба­варияға” арнаған. Мюнхендік команда­мен чемпиондар лигасында, құр­лықаралық ку­бокта топ жарған. Үздік ойы­ны үшін “Ал­тын доп” және “Алтын бут­сымен” марапат­талды. Сондай-ақ, Герма­ния құрамасының сапында Әлем және Еуропа чемпионы атанды.
Ференц Пушкаш – 746 гол. Әйгілі фут­бол­шы және бапкер. Даңқты венгр “Реал­дың” нағыз аңызына айналған. Корольдік командамен Еуропа чемпиондары кубогын үш мәрте жеңіп алды. 1952 жылғы Олим­пиаданың алтыны мен 1954 жылғы әлем чем­пионатының күміс жүлдесін қанжығы­сы­на байлады. Ол кездері Пушкаштың соққан барлық голы есепке алынбағаны анық. Дегенмен, оның жүлделері жанкүйер­лердің жадынан кетпейтіні анық. Ол Вен­грия чемпионатының бес дүркін жеңімпа­зы. Пушкаш ресми 754 матч өткізіп, 746 гол соғып, нағыз шабуылшының қандай бола­тынын дәлелдеп кеткен.
Лионель Месси – 747 гол. Әлемнің дәл қа­зіргі сәттегі үздік футболшыларының бірі. Аргентина ұлттық құрамасы мен “Бар­се­ло­на” клубының шабуылшысы. 2011 жылдан бері Аргентина құрамасының капитаны. Ар­гентина құрамасы мен “Барселона” клубы тарихындағы ең үздік мерген. Алты рет “Ал­тын бутсы” иегері атанды. Бір рет әлем чем­пионатының (2014), екі рет Америка кубо­гының (2015, 2016) күміс жүлдесін иеленді. Соққан голының саны басты бәсекелесі Криштиану Роналдудан 13 допқа аз.
Пеле – 757 гол. Футбол аңызы Пеле “Сан­тостың” сапында бар белесті бағын­дыр­ды. Әйгілі бразилиялық XX ғасырдың үздік футболшысы, үш дүркін әлем чем­пионы атанған. Пеле Халықаралық олим­пиада комитетiнің ұйғарымы бойынша “XX ғасырдың спортшысы” деп мойындалды. Бразилия құрамасында 92 матч өткізіп 78 гол соққан. 1970 жылғы әлем чемпиона­тының үздік ойыншысы. 1958 жылғы әлем чем­пионатының ең үздік жас футболшысы.
Йозеф Бицан – 759 гол. Әлемдік ре­корд ұзақ уақыт футбол тарихындағы – Йозеф Бицанға тиесілі еді. Австрия мен Чехословакияда ойнаған Йозеф Бицан екі елдің де ұлттық құра­ма­сының жейдесінде доп тепті. Түрлі ақпарат көздері түрлі мәлімет ұсынады. Даңқты шабуылшы 1930 жылдан 1955 жылға дейін 805 гол соқты деген де дерек бар. Алайда, ол есепке жастар мен жасөспірімдер ара­сында ойнап жүргенде соққан голдары да енгізілген сыңайлы.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp