«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОРЛЫҚ ҚҰШАҒЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қарияларға қамқорлық – әлеуметтік жұмыстың басты бағыттарының бірі. Сырқатқа шалдыққан немесе түрлі себептерге байланысты қиын жағдайға тап болған жандарды қорғаншылыққа алу міндеттері әртүрлі. Оларды өңірімізде әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жүзеге асырады. Тайынша ауданында орналасқан “Надежда” орталығы денсаулығы нашарлаған, өзіне күтім жасай алмайтын қарттарға көмек көрсетіп, құқықтарының сақталуына жағдай жасайды.

2006 жылы құрылған, облыстық бюд­жеттен қаржыландырылатын әлеуметтік орталықта жақын туысы болмаған­дықтан қараусыз қалған немесе мүмкін­дігі шектеулі, арнайы күтімге зәру жал­ғызбасты зейнеткерлер тұрады. Яғни, біздің орталық баспанасы жоқ немесе жақын маңда әлеуметтік, медициналық мекемелердің болмауы есебінен көмек­ке зәру, дәрігерлер тарапынан тұрақты ем мен бақылауды қажет ететін және туған-туысқандарынан жәбір көріп, жал­ғыздыққа душар болған қариялар мен мүгедек жандарға көмек көрсетеді. Олар мекемемізде мемлекеттік қызмет көрсе­ту есебінен түрлі әлеуметтік жеңілдік­тер­ге, сондай-ақ, медициналық, құқықтық және психологиялық көмекке ие болуда. Егде жастағы азаматтарға жайлы орта құру мақсатында қарттар үйінің қабыр­ғасында түрлі демалыс кештері өткізіліп, туған-туысқандармен қауышу күндері ұйымдастырылады. Бүгінгі күні біздің мекемеде тұрып жатқан 94 зейнеткер мен 11 мүмкіндігі шектеулі азамат ере­жемізде белгіленген әлеуметтік көмектің барлық түріне ие. Қарттар үйін паналап отырған қариялардың бәрі бірдей қайы­рымсыз перзенттен теперіш көрген жан­дар дей алмаймыз. Олардың арасында қартайса да жастық желіктен арыла алмаған, немере бағып отырудың орны­на шөлмек соңына түскендер де бар.
Егде жасқа келген адамдар ерекше күтімді қажет ететіні белгілі. Сондықтан біздің маман­дар өз жұмысында осы ба­ғытқа ерекше назар аударады. Интернат тұрғындары санитарлық-гигиеналық та­лаптарға сай алғашқы медициналық-санитарлық және стоматологиялық кө­мекті ешқайда бар­май-ақ өз мекеме­мізде ала алады. Мұн­да тіс протездеу, ор­топедиялық қызмет түрлері тегін көрсе­тіледі. Ішкі тәртіп талаптарын сақтай отыра, қариялардың туған-туыстары интернатқа емін-еркін кіріп, олардың ем қабылдау шараларына қатыса алады.
Әлеуметтік-тұрмыстық көмекке мәж­бүр азаматтардың қатарында өзін-өзі күте алмайтын, тұрақты бақылауды қа­жет ететін жандар бар. Зейнетақысы дәрі-дәрмекке де жетпейтін қарттар үшін де мекемемізде барлық қолайлы жағдай жасалған. Жасы ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, терезеге үмітсіз тел­міріп отырудың қаншалықты қиын екен­дігін түйсіну қиын емес. Жалғыздықтан жапа шегіп, зерігіп отырғанша, басқа қарттармен араласып, солармен бірге көңіл көтерген жандар бір сәтке болсын ауруын ұмытып, серігіп қалсын деген оймен олардың әрбір күнін қызықты етуге тырысамыз. Ішер ас, жатар төсегі де дайын. Денсаулықтарын медбикелер мен дәрігерлер қадағалап тұрады.
Қарттарымыздың арасында әлеумет­тік-тұрмыстық қиындыққа ұшырап, өз еркімен көмек сұрап келгендер де бар. Тайыншалық Берікжан Жақиянов біздің орталықта 2016 жылдан бері тұрады. Зейнеткер өзінің бүгінгі тұрмысына дән риза. “Шынымды айтайын, мұнда курорт­тағыдай тұрып жатырмын. Туыстарым жоқ емес, бар. Қарттар үйіне ешкімге айтпай өзім келіп, өтініш жаздым да, қоныстандым. Маған қатты ренжіген туғандарым үш айдай сөйлеспей жүрді. Қазақ емеспіз бе, “бауыры қарттар үйінде жатыр” деген сөзге кім намыстанбайды дейсің? Бірақ мен замандастарыммен қарттықтың қызығын бірге көруге шешім қабылдадым. Қазіргі жағдайым жақсы. Әлеуметтік орталық қызметкерлері бізге шын туыстай болып кетті. Денсаулы­ғы­мызды бақылап, шын жанашырлық та­нытады. Кейде рұқсат алып, қалаған же­ріміздің бәріне барып келеміз”, – дейді зейнеткер.
Мекемеміздің әлеуметтік жұмыс жө­ніндегі маманы әрі пихологы Алена Ес­кенің өз қызметін әрдайым жоғары дең­гейде атқаратынын айтып өткен жөн. Түр­лі жанжалдардың алдын алу және жою үшін қызмет алушылардың ішкі ресурс­тарын ашу, тұлғааралық қарым-қаты­настарды жақсартуда психологиялық түрлі ойындар ұйымдастырып, тренинг­тер өткізіп тұрады.
Орталықта 6 дәрігер және 10 мед­бике, 12 санитар қызмет алу­шылардың денсаулықтарын үнемі қада­ғалап, оңалту іс-шараларын жүргізуде. 4 аспазымыз ас мәзірінің тиісті калория­лық тамақтану нормаларын сақтай отыра талапқа сай сапалы дайындалуын қамтамасыз етуде. Олардың көмек­ші­лері де тиянақты жұмысымен ілти­патқа бөленуде.
15 жыл бойы қоғамның әлжуаз топта­рына жататын қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсетіп, аудандағы бір­ден-бір қамқорлық мекеніне айналған Тайынша қарттар үйі зейнеткерлер мен сырқат жандарға болашақта да сапалы қызмет көрсететін болады.

Жанар АЛДАНАЗАРОВА,
“Надежда” әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры.

Тайынша ауданы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp