Петропавл қаласында 22 жастағы келіншек үш жасар қызын аса қатыгездікпен ұрғаны үшін айыпталып отыр. Облыстық балалар ауруханасынан Петропавл қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне 3 жасар қыздың дене жарақатымен және ессіз күйде жеткізілгені туралы ақпарат түскен. Жансақтау бөлімінде жатқан балдырғанның жағдайы ауыр.
Денсаулыққа ауыр жарақат келтірді деген күдікпен баланың анасы ұсталды. Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі “Кәмелеттік жасқа толмаған баланың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осыған орай бірқатар қажетті сараптама тағайындалды. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Баланың қатыгез анасы бұған дейін жауапқа тартылмаған, тәртіп бұзбаған. Қазір ол уақытша ұстау оқшаулағышында отыр.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің инспекторы.