«Sensitive» балдық би ансамблінің бишісі Евгений Кузьмин «Қазақ саңыраулар қоғамының еңбек сіңірген әртісі» атанды. Өнерпазға бұл атақ Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында өткен шарада табыс етілді.
Евгений Кузьмин есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатта оқып жүрген кезінен, яғни 11 жасынан бастап бимен шұғылданған. «Sensitive» ансамблінің белді мүшесі. Жас болса да, тәжірибелі биші. Кәсіби әртіс ретінде бал биінің барлық бағытын игерген ол талай республикалық және халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды. Соңғы рет «Sensitive» би ансамбілінің сапында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен халықаралық сайыста бас жүлде мен үш бірдей бірінші орынға ие болған.
– Өткен жыл қиынға соқты. Көптеген байқауларға қатыса алмадық. Десе де қазақ сазды-драма театрымен бірлесіп, қойылымдарымызды көрермен назарына ұсындық. Мен алғаш рет театр әртісі ретінде өнер көрсеттім. Мұндай мүмкіндік берген киелі қарашаңырақ ұжымына алғысым шексіз. Биылғы жоспарларымыз да ауқымды. Ансамбльмен бірге Украинада өтетін «Магия» фестиваліне қатысуға ниеттіміз. Кейін АҚШ-қа барып, онда да ел намысын қорғамақпыз. Әрине, мұның барлығы карантиндік талаптар жеңілдетілген жағдайда ғана мүмкін болады, – деді Евгений Кузьмин.
Өткен жылдан бері «Sensitive» би ансамблі қазақ сазды-драма театрының ұжымымен бірге һнер көрсетуде. Ортақ еңбектің нәтижесі – Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына орай қойылған «Шоқан» және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Ұстаздың оралуы» атты спектакльдер.
«Sensitive» ансамблінің даярлық, кіші, орта, жоғары топ бишілері есту қабілеті нашар балаларға арналған оқу ошағы базасында жаттықса, ересектер қазақ театрының сахнасында шеберліктерін шыңдауда. Өнер ұжымында 30 биші бар.
– Биыл құрылғанымыза 15 жыл толады. Осы уақыт аралығында талай жеткіншекті тәрбиелеп, үлкен өмірге ұшырдық. Егер мүмкіндік болса, осы жылы үлкен концерт ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Евгений Кузьминнің жетістігі – сол еңбегіміздің жемісі. Ол қазір облыстық филармонияда программист болып еңбек етіп жүр. Биді де ұмыт қалдырған жоқ. Осындай талантты жастардың арқасында би өнері дами береді деген ойдамын, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова.