Назарбаев зияткерлік мектебінде 6-сыныпқа құжат қабылдау бүгін аяқталады. Қорытынды тестілеу 11-12 наурыз күндері өтеді. Пандемияға байланысты дарынды балаларға арналған мектепте білім алғысы келетіндер үшін бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тапсырылатын құжаттар тізімі қайта түзіліп, сынақ екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде оқушылар математика мен жаратылыстанудан, екінші кезеңде гуманитарлық пәндерден бақ сынасады. Тест үш тілде өтеді. Сондай-ақ, талапкерлер медициналық анықтаманы оқуға қабылданғаннан кейін де тапсыра алады.
Мектеп директоры Данияр Уәлиевтың айтуынша, оқушылардың жаратылыстанудан жинаған ұпайлары есепке алынбайды. Яғни, қосымша пән ретінде болады. Математикадан тапсыратын сынақ сандық сипаттамалар бойынша сұрақтармен толықтырылған. Осылайша, балғындардың логикалық қабілетін дамытуға баса көңіл бөлінеді. Тестілеуден ойдағыдай өтіп, жоғары балл жинаған 6-сынып оқушылары Тұңғыш Президент – Елбасының “Өркен” грантына қол жеткізіп, тегін оқу мүмкіндігін иеленеді.
Биыл мектепке 120 оқушы қабылданады. Тиісті ұпай жинай алмағандардың жағдайы не болмақ деген сұраққа Данияр Серікұлы былай жауап берді: “Егер үміткер тиісті пәндерден сүрінбей өтіп, ал математикадан аз балл алса, резервке қойылады. Кезегі жеткенде кідіріссіз қабылданады”.
Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы білім ошағы осыдан алты жыл бұрын ашылғанды. Мұнда кәсіби шеберлігі жоғары, тәжірибесі мол ұстаздар еңбек етеді. Араларында АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка Республикасы, Кения, Филиппин елдерінен келген білікті мамандар да бар. Бүгінде 654 оқушы білім алып жатыр. Түлектердің алды Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, Венгрия елдерінде оқуларын жалғастыруда.
Мектеп 2019 жылы Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан өтті. Бұл жаңалық ұжым мен оқушылар үшін тың мүмкіндіктер мен толағай табыстардың бастауына айналды. Қазіргі таңда Халықаралық мектептер кеңесіне (CIS) әлемнің 116 мемлекетінен 1300 университет, 740 мектеп, 615 колледж мүше. Мектеп түлектеріне әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқуларын жалғастыруға кең жол ашылады.
Эльмира КӘЛЕНОВА,
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.