«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӨРКЕН” ГРАНТЫ БЕРІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Назарбаев зияткерлік мектебін­де 6-сыныпқа құжат қабылдау бүгін аяқталады. Қорытынды тестілеу 11-12 наурыз күндері өтеді. Пан­демияға байланысты дарынды балаларға арналған мектепте білім алғысы келетіндер үшін бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тапсырылатын құжаттар тізімі қайта түзіліп, сынақ екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде оқушылар математика мен жаратылыстанудан, екінші кезеңде гуманитарлық пәндерден бақ сынасады. Тест үш тілде өтеді. Сондай-ақ, талапкерлер медициналық анықтаманы оқуға қабылданғаннан кейін де тапсыра алады.

Мектеп директоры Данияр Уәлиевтың айтуынша, оқушылардың жаратылыстанудан жинаған ұпай­лары есепке алынбайды. Яғни, қосымша пән ретінде болады. Математикадан тапсыратын сынақ сандық сипаттамалар бойынша сұрақтармен толықтырылған. Осылайша, балғындардың логикалық қабілетін дамытуға баса көңіл бөлінеді. Тестілеуден ойдағыдай өтіп, жоғары балл жинаған 6-сынып оқушылары Тұңғыш Президент – Елбасының “Өркен” гран­тына қол жеткізіп, тегін оқу мүмкіндігін иеленеді.
Биыл мектепке 120 оқушы қабылданады. Тиісті ұпай жинай ал­мағандардың жағдайы не болмақ деген сұраққа Данияр Серікұлы былай жауап берді: “Егер үміткер тиісті пәндерден сүрінбей өтіп, ал математикадан аз балл алса, резервке қойылады. Кезегі жеткенде кідіріссіз қабылданады”.
Петропавл қаласындағы хи­мия-биология бағытындағы білім ошағы осыдан алты жыл бұрын ашылғанды. Мұнда кәсіби шеберлігі жоғары, тәжірибесі мол ұстаздар ең­бек етеді. Араларында АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка Рес­публи­касы, Кения, Филиппин елде­рінен келген білікті мамандар да бар. Бүгінде 654 оқушы білім алып жатыр. Түлектердің алды Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, Венгрия елдерінде оқуларын жалғастыруда.
Мектеп 2019 жылы Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан өтті. Бұл жаңалық ұжым мен оқушылар үшін тың мүм­кіндіктер мен толағай табыстардың бастауына айналды. Қазіргі таңда Халықаралық мектептер кеңесіне (CIS) әлемнің 116 мемлекетінен 1300 университет, 740 мектеп, 615 колледж мүше. Мектеп түлектеріне әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқуларын жалғас­тыруға кең жол ашылады.

Эльмира КӘЛЕНОВА,
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp