«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМТІК ІЗДЕГЕН ЖЫРТҚЫШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аптаның орта кезі. Түс ауа ұя­лы телефоныма белгісіз нөмірден қоңырау шалынды.

– Алло, сіз пәленше боласыз ба (менің аты-жөнімді атап)?

– Иә, – деймін мен.
Телефонның арғы жағынан өзін таныстырған ер адам “Қазақ­те­леком” қызметкері екенін айтты. Сөйткенше болмай, мен тұратын үйдің мекенжайы мен пәтерімнің нөмірін атады.
– Дәл солай, – деп мен де әлгі оператордың сөзін растадым.
– Алматыдағы телекоммуника­циялық компанияның бас филиа­лы­нан қоңырау шалып тұрмын. Қа­зір тұтынушылардың (клиенттер­дің) базаларын тексеріп жатыр­мыз. Кейбір деректерді анықтау үшін жеке мәліметіңіз қажет, – деді жігіт.
– Айта беріңіз, сізге қандай мә­лімет беруім қажет?
– Техникалық ақауға байла­ныс­ты кейбір деректерді анықтай алмай отырмыз. Ол үшін жеке сәйкестендіру нөміріңізді атай аласыз ба?
Бірер секунд үнсіздік орнады. Оператордың сөзі сенімге селкеу түсірді. Алматыдан хабарласып тұрған жігіт клиенттер базасында мен тұратын үйдің мекенжайын көріп тұрса, жеке сәйкестендіру нөмірін де білуі тиіс қой? Оның үстіне үй телефоны жолдасым­ның атына тіркелген болатын. Сон­дықтан оның техникалық ақау де­ген сылтауы қисынға келмейді. Ин­тернет-алаяқтар туралы хабар­ла­мамен таныс болғандықтан, қан­дай да мәлімет беруден бас тарт­тым. Таңдайы тақылдаған жігіт те қояр емес.
– Кешіріңіз, сіз адрестен қате­ле­сіп кеттіңіз. Мен жеке мәліметті бі­реуге айтатындай ақымақ емес­пін. Жемтік іздеген жыртқыштай адамдарға осылай шабуыл жа­сауды қойсаңдаршы, – деуім сол-ақ екен, ол телефон тұтқасын тастай салды.
Біреуге есе жібермегеніме іш­тей ризамын. Бірақ әлгіндей алаяқтар кез келген адамды сан соқ­тырары бек мүмкін. Қоғамда осындай келеңсіз көріністердің орын алып жатқанына қынжыл­дым. Біреуді алдаған, біреуге алданған заман-ай!

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp