Қарияларға қамқорлық – әлеуметтік жұмыстың басты бағыттарының бірі. Сырқатқа шалдыққан немесе түрлі себептерге байланысты қиын жағдайға тап болған жандарды қорғаншылыққа алу міндеттері әртүрлі. Оларды өңірімізде әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жүзеге асырады. Тайынша ауданында орналасқан “Надежда” орталығы денсаулығы нашарлаған, өзіне күтім жасай алмайтын қарттарға көмек көрсетіп, құқықтарының сақталуына жағдай жасайды.
2006 жылы құрылған, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік орталықта жақын туысы болмағандықтан қараусыз қалған немесе мүмкіндігі шектеулі, арнайы күтімге зәру жалғызбасты зейнеткерлер тұрады. Яғни, біздің орталық баспанасы жоқ немесе жақын маңда әлеуметтік, медициналық мекемелердің болмауы есебінен көмекке зәру, дәрігерлер тарапынан тұрақты ем мен бақылауды қажет ететін және туған-туысқандарынан жәбір көріп, жалғыздыққа душар болған қариялар мен мүгедек жандарға көмек көрсетеді. Олар мекемемізде мемлекеттік қызмет көрсету есебінен түрлі әлеуметтік жеңілдіктерге, сондай-ақ, медициналық, құқықтық және психологиялық көмекке ие болуда. Егде жастағы азаматтарға жайлы орта құру мақсатында қарттар үйінің қабырғасында түрлі демалыс кештері өткізіліп, туған-туысқандармен қауышу күндері ұйымдастырылады. Бүгінгі күні біздің мекемеде тұрып жатқан 94 зейнеткер мен 11 мүмкіндігі шектеулі азамат ережемізде белгіленген әлеуметтік көмектің барлық түріне ие. Қарттар үйін паналап отырған қариялардың бәрі бірдей қайырымсыз перзенттен теперіш көрген жандар дей алмаймыз. Олардың арасында қартайса да жастық желіктен арыла алмаған, немере бағып отырудың орнына шөлмек соңына түскендер де бар.
Егде жасқа келген адамдар ерекше күтімді қажет ететіні белгілі. Сондықтан біздің мамандар өз жұмысында осы бағытқа ерекше назар аударады. Интернат тұрғындары санитарлық-гигиеналық талаптарға сай алғашқы медициналық-санитарлық және стоматологиялық көмекті ешқайда бармай-ақ өз мекемемізде ала алады. Мұнда тіс протездеу, ортопедиялық қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Ішкі тәртіп талаптарын сақтай отыра, қариялардың туған-туыстары интернатқа емін-еркін кіріп, олардың ем қабылдау шараларына қатыса алады.
Әлеуметтік-тұрмыстық көмекке мәжбүр азаматтардың қатарында өзін-өзі күте алмайтын, тұрақты бақылауды қажет ететін жандар бар. Зейнетақысы дәрі-дәрмекке де жетпейтін қарттар үшін де мекемемізде барлық қолайлы жағдай жасалған. Жасы ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, терезеге үмітсіз телміріп отырудың қаншалықты қиын екендігін түйсіну қиын емес. Жалғыздықтан жапа шегіп, зерігіп отырғанша, басқа қарттармен араласып, солармен бірге көңіл көтерген жандар бір сәтке болсын ауруын ұмытып, серігіп қалсын деген оймен олардың әрбір күнін қызықты етуге тырысамыз. Ішер ас, жатар төсегі де дайын. Денсаулықтарын медбикелер мен дәрігерлер қадағалап тұрады.
Қарттарымыздың арасында әлеуметтік-тұрмыстық қиындыққа ұшырап, өз еркімен көмек сұрап келгендер де бар. Тайыншалық Берікжан Жақиянов біздің орталықта 2016 жылдан бері тұрады. Зейнеткер өзінің бүгінгі тұрмысына дән риза. “Шынымды айтайын, мұнда курорттағыдай тұрып жатырмын. Туыстарым жоқ емес, бар. Қарттар үйіне ешкімге айтпай өзім келіп, өтініш жаздым да, қоныстандым. Маған қатты ренжіген туғандарым үш айдай сөйлеспей жүрді. Қазақ емеспіз бе, “бауыры қарттар үйінде жатыр” деген сөзге кім намыстанбайды дейсің? Бірақ мен замандастарыммен қарттықтың қызығын бірге көруге шешім қабылдадым. Қазіргі жағдайым жақсы. Әлеуметтік орталық қызметкерлері бізге шын туыстай болып кетті. Денсаулығымызды бақылап, шын жанашырлық танытады. Кейде рұқсат алып, қалаған жеріміздің бәріне барып келеміз”, – дейді зейнеткер.
Мекемеміздің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы әрі пихологы Алена Ескенің өз қызметін әрдайым жоғары деңгейде атқаратынын айтып өткен жөн. Түрлі жанжалдардың алдын алу және жою үшін қызмет алушылардың ішкі ресурстарын ашу, тұлғааралық қарым-қатынастарды жақсартуда психологиялық түрлі ойындар ұйымдастырып, тренингтер өткізіп тұрады.
Орталықта 6 дәрігер және 10 медбике, 12 санитар қызмет алушылардың денсаулықтарын үнемі қадағалап, оңалту іс-шараларын жүргізуде. 4 аспазымыз ас мәзірінің тиісті калориялық тамақтану нормаларын сақтай отыра талапқа сай сапалы дайындалуын қамтамасыз етуде. Олардың көмекшілері де тиянақты жұмысымен ілтипатқа бөленуде.
15 жыл бойы қоғамның әлжуаз топтарына жататын қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп, аудандағы бірден-бір қамқорлық мекеніне айналған Тайынша қарттар үйі зейнеткерлер мен сырқат жандарға болашақта да сапалы қызмет көрсететін болады.
Жанар АЛДАНАЗАРОВА,
“Надежда” әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры.
Тайынша ауданы.