«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әдеп бұзғандар жазасыз қалмады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифингте өткен жылы атқарылған жұмыстарға талдау жасады.

Баяндамашы өңір бойынша мемлекеттік қызметте жүрген әйелдердің үлесі республикалық көрсеткіштен жоғары екенін жеткізді. Атап айтқанда, 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің 63,5 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Олардың 54 пайызы мемлекеттік органдарда басшылық қызметте жүр. Мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамын тұрақтандыру бағытында атқарылған шаралар өз нәтижесін беріп келеді.
Штат бойынша 4794 мемлекеттік қызметші қажет болса, бүгінгі таңда 582 орын бос тұр. Мемлекеттік қызмет саласынан 2018 жылы мамандардың 6,8 пайызы, 2019 жылы – 5,9, 2020 жылы 5,1 пайызы кеткен. Кадрлардың мемлекеттік қызметте тәжірибе жинақтап, экономиканың басқа салаларына ауысуы жиілеген. Басшы құрамның 26 пайызы атқаратын лауазымында бір жылдан аз қызмет атқарса, 17 пайызы бір жылдан екі жылға дейін еңбек етеді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру туралы тапсырмаларын іске асыру мақсатымен өткен жылдың соңында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Биылдан бастап саяси қызметшілерді ротациялау институы қолданылады. Ол бойынша саяси қызметшілер белгілі бір қызметке тағайындалғаннан кейін әрбір төрт жыл сайын қызмет ауыстыратын болады. Алайда, тиісті мемлекеттік орган басшысының шешімімен лауазым мерзімі тағы екі жылға ұзартылуы мүмкін. Осы мерзімді тағы екі жылға ұзарту Президент жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның ұйғарымымен жүзеге асырылады. Демек, саяси қызметшінің бір лауазымды атқаруы 8 жылдан аспайтын болады. Мұндай ротация командалық орын ауыстырудың алдын алып, жолын кеседі», – деді Елена Федоровна.
Арнайы тексерістердің нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласында 200-ден аса олқылық тіркелген. 622 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жазаға берілген. Кемшіліктердің көпшілігі мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізуге қатысты анықталған. Тәртіптік жазаларға атқарушы органдардан – 416, аумақтық мемлекеттік органдардан 206 адам тартылған. Әдеп кодексін бұзған 17 мемлекеттік қызметші де жазасыз қалған жоқ. Тексерістер профилактикалық бақылау мақсатында және өтініштер негізінде жоспардан тыс жүргізіліп, 13 адамның, соның ішінде 7 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілген. Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарының қорғалуын департамент, кеңес мүшелері, әдеп жөніндегі уәкіл назарда ұстайды. Мамандардың жұмыс уақытынан тыс еңбек етуіне жол бермеу жайы да жүйелі түрде қадағаланады. Былтыр жұмыс уақытынан тыс еңбек ету фактілері анықталмаған. Есесіне тұрғындардан мемлекеттік қызметтің сапасына қатысты 123 шағым түсіп, 54-і оң шешімін тапқан. Азаматтардан келген шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауына және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін бұзуға байланысты орын алған.
Әдеп жөніндегі кеңестің 14 отырысы өткізіліп, 55 мәселе қаралған. Мониторингтік талдау көрсеткендей, 2019 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істердің саны 30 пайызға азайған. Мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын тәртіптік жазалар 17,8 пайызға кеміген.


Сәлима БАЗАРБЕКОВА,
мемлекеттік қызмет істері агенттігі
облыстық департаментінің баспасөз хатшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp