«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДА ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫН ШЫҒАРАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күнгейден теріскейге қоныс аударған ағайынға қолдау бар. Жаңадан іс бастап, кәсібін өрге домалатқысы келетіндер мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көруде. Тимирязев ауданының тұрғыны – Төлепберген Орынбек қолы іс білетін азаматтардың қатарынан. Жас жігіт құрылысқа қажетті материалдар шығаруды қолға алып, оңтүстіктен көшіп келген отбасыларға баспана салуда.

Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауылының тумасы осыдан екі жыл бұрын Мағжан еліне отбасымен бірге көшіп келген. Таңдауы Тимирязево ауылына түседі. Қазір солтүстіктің сарышұнақ аязына үйреніп кеткен. Төлепберген Орынбек жеке кәсібін ашу мақсатында алдымен жергілікті нарықты саралаған. Сәті түсіп, мемлекет берген көтермеақыға көптен бері бос тұрған ескі мектептің ғимаратын сатып алады. Өз қаражатына нысанды қалпына келтіріп, Тимирязев ауданындағы алғашқы жекеменшік балабақшаны ашқан. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты бұл жоспары алға баспай тұралап қалды.
Алғашқы сәтсіздікке мойымаған Төлепбергенді жұмыс күші артық өңірлерден көшіп келетін отбасыларға баспана тұрғызу ісі де қызықтырды. Бұл бағыттағы жұмыстар өзге аудандардағыдай, Тимирязев ауданында да белсенді жүргізіліп жатқан болатын. Аудан әкімдігі тарапынан қолдау тапқан талапты жігіт бір жылдың ішінде 13 үй тұрғызды. Жеке кәсіпкердің айтуынша, жергілікті билік баспаналардың сапалы салуын мұқият қадағалаған.
– Баспана салу оңай емес екен. Әсіресе, бірінші жыл біршама ауыр болды. Қажетті құрылыс материалдары мен кейбір шикізатты өзге өңірлерден жеткізуге тура келді. Пандемияға байланысты тапсырысымыз уақытында келмеген күндер көп болды. Нәтижесінде үйлерді пайдалануға беру мерзімі кейінге шегерілді. Дегенмен, тұрғызған үйлеріміздің сапасы жоғары болған соң аудан әкімі қолдап тұрды. Солтүстіктің қысы қаһарлы екенін білгендіктен барынша жылы қылып салуға тырыстық, – дейді жас кәсіпкер.
Кәсіпкер құрылыс кезінде маман тапшылығы болғанын айтады. Бұл қиындықты еңсеру үшін Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” және “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламалары көп көмек болды. Осылайша, ауылдағы жұмыссыздар санының азаюына да өзіндік үлесін қосты.
Баспана тұрғызу ісін меңгерген азамат қазір бизнесін одан әрі дамыту жолын қарастыруда. Құрылысқа қажетті материалдарды алдын ала дайындау қажеттігін ескеріп, арнайы цех ашты. Шағын өндіріс орнында жылу блоктары мен пластикалық терезелер құрастырылады. Жылу блоктары – қазіргі заманғы әмбебап құрылыс материалы. Ортасында пенопласы бар блок тұрғын үй құрылысында тиімді. Блоктар түрлі өлшемдегі ғимараттарды, соның ішінде үш қабатқа дейінгі шағын үйлер құрылысында пайдаланылады. Бұл блоктар отқа жанбайды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, жылуды сақтауы да жақсы.
– Өзге облыстардан жеткізілетін құрылыс материалдары қымбатқа түседі. Соны Қызылжар өңірінде де шығаруға болады ғой. Баспана көтеруге қажетті барлық шикізат көзі бар. Мысалы, Тимирязевте құм карьерлері мен су көздері жетерлік. Ал пластикалық терезеге қажетті шыныны Петропавлдан әкелуге болады. Тек пластик пен пенопласт Нұр-Сұлтан қаласынан жеткізіледі. Цехтің тағы бір тиімді тұсы – қыс бойы үй салуда қолданылатын материалдар жасаймыз да жазда құрылысты тоқтаусыз жүргіземіз, – дейді Төлепберген Орынбек.
Кәсіпкердің цехында күніне 2000-2500 блок шығарылса, терезенің 20 шаршы метрі әзірленеді. Бұл – екі үйдің құрылысына жетеді. Ауылдың жеті жігіті жұмысқа тартылып, тұрақты еңбекпен қамтылған. Орташа айлық жалақы 80 мың теңгеден айналады. Цех өнімі жергілікті тұрғындар арасында да саудалануда. Бір блоктың бағасы 800 теңге болса, терезенің бір шаршы метрі 30 мың теңге шамасында. Бұл нарықтағы бағаға қарағанда қолжетімді.
Табыс кілтін тапқан жігіт пандемияға қарамастан ісін дұрыс арнаға бұрып, қиындықтарды еңсеруде. Бүгінгі таңда өзі тұрып жатқан ауданда 47 үй салған. “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған баспаналарда оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасылар тұрады. Кәсіпкердің биылғы жоспары да ауқымды. Ол жыл соңына дейін Тимирязево мен Жарқын ауылдарында тағы 45 үй салуды жоспарлап отыр.

Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp