«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІҢ ҮКІЛІ ҮМІТТЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр елімізде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ел үміті” бастамасын жүзеге асыру мақсатында “Елбасы медалі” бірегей жобасы қолға алынған болатын. Жастарға берілген мұндай бірегей мүмкіндікті солтүстікқазақстандық өрендер де қалт жіберген жоқ. Араға алты ай салып, арнайы бағдарламаны тамамдаған екі жүз шақты жерлесіміз “Елбасы медалінің” алғашқы иегерлері атанды.

– Бағдарлама жеті негізгі бағытты қамтыды. Оның аясында жастар спортпен шұғылданды, бойларындағы қабілеттерін дамытты, кітап оқып, ұлттық мұраны зерттеді, волонтерлікпен айналысты, экспедицияларға шығып, еңбек практикасына атсалысты. Осылайша, өздерін жанжақты жетілдірді, – деді Елбасы академиясының баспасөз қызметі.
Енді, міне, жобаны сәтті тамамдағандардың есімдері анықталып отыр. Олардың жалпы саны 2 жарым мыңнан асса, солардың 196-сы біздің өңіріміздің атынан атсалысыпты. Қызылжар өлкесі “Елбасы медалін” иеленгендер саны бойынша Талдықорған қаласы және Шығыс Қазақстан облысымен бірге үздік үштіктен көрінді. Бұл медальді алдағы уақытта кеудесіне тағатындардың ішінде Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 10-сынып оқушысы Меруерт Ашимова да бар.
– “Елбасы медалі” жобасы туралы алғаш рет мектеп мұғалімдерінен естіп, бағымды сынап көруге бел байладым. Синтезаторда ойнау шеберлігімді шыңдап, апта сайын бір кітаптан оқып, спортпен шұғылдандым. Білімді тәлімгерлерден де үйренгеніміз көп, – дейді Меруерт.
Бағдарламаға қатысушылардың барлығы арнайы дайындалған қола медаль алады. Бұл марапат мектеп түлектеріне жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін гранттарға талас барысында жәрдемдеспек. Ұпайлары тең түскен жағдайда аталған марапат иегері басымдыққа ие болады.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp