«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКТЕ ЕРЕН ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұл мақаланы жазар алдында жүз ойланып, мың толғандым десем, өтірік айтқандық болмас. Көкейімде қатталып, көптен бері толғандырып жүрген ойларымды ақ қағаз бетіне түсіре бастағанда көз алдыма ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген, өз ісінің майталман шебері атанған, кеудесіне бірнеше мемлекеттік наградаларды таққан, олардың ішінде “Алтын жұлдыз” бен Ленин ордені ерекше жарқырай көрінетін Сәруар Мұхамедияқызы Байсаринаның жылы жүзді бейнесі елестеді.

Қазіргідей емес, ол кездері – кеңес заманында қарапайым еңбек адамдары айрықша дәріптелетін. Маңдай терін шүмектете төккендердің мерейі өсіп, абыройы асқақтайтын. Асыл апайымыз бар-жоғы 50 жыл ғана өмір сүрді. Осынау қысқа ғұмырында есімі алтын әріппен тарих бетінде жазылып қалды. Тірі болса ерекше жаратылған, ақылды, білімді, өмірге құштар, еңбекқор, алтын уақытты бағалай білетін, халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін, адамгершілік қасиеті жоғары тұлға биыл 85-тің төріне көтеріліп, зор қошемет көрсетілер еді.
Қазақ халқында “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деген даналық сөз бар. Құрыштай берік, темірдей төзімді, текті де тегеурінді Сәруар апайдың өмірі мен еңбек жолы бүгінгі жастарға, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін айтудың өзі артық. Ол 1936 жылы қаңтардың 1-інде Ресейдің Новосібір облысы Ведовск ауданы Белово селосында дүниеге келген. Әкесі Мұхамедия, анасы Жамал – қарапайым еңбек адамдары. Сәруар тумысынан зерек, еті тірі, сөзі ширақ, пысық қыз болғанын ағайын-туыстары, дос-жарандары үнемі айтып отырады.
Балалық шағын жат жұртта өткізді. Тағдырдың ауыр тауқыметі оны айналып өткен жоқ. Кәмелетке толмай жатып аяулы анасынан айырылды. 1953 жылы Байсариндер отбасы Петропавл қаласына көшіп келді. Жастық жалыны алаулаған 18 жастағы бойжеткен “Комсомолка” тігін фабрикасына тігіншінің көмекшісі болып орналасты. Белсенді де жігерлі, намысты да өжет қыз кез келген тапсырманы тап-тұйнақтай орындайтын. Алғашқы еңбек жолын әртүрлі жіптерді өңдеу, тазалау цехынан бастаса, кейін маталардан түрлі көйлектер пішетін, түйме қадайтын күрделі өндіріс орнына ауыстырылды.
Адамдармен тіл табыса білетін және қажет кезінде шұғыл шешім қабылдай алатын мінезінің арқасында ұжымға тез сіңісіп кетті. Басқалар бірнеше жыл меңгеретін мамандықтың қыр-сырын үш айдың ішінде үйреніп шығып, суреті Құрмет тақтасына ілінді. Мұндай жайттың фабрика тарихында бұрын-соңды болмағанын басшылық та мойындап, қою қара шашты, қоңыр көзді, талдырмаш, орта бойлы қазақ қызының еңбекқорлығына еріксіз бас иді. 1963 жылы КОПК қатарына қабылданып, “Коммунистік еңбек үздігі”, бірінші разрядты тігін шебері атанды. 1966 жылы “Еңбек Қызыл Ту” орденін, 1970 жылы “Ерен еңбегі үшін” медалін өңіріне қадады. 1974 жылы КСРО жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен 38 жастағы Сәруар Мұхамедияқызына Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен қоса “Орақ пен балға” алтын медалі қоса тапсырылды. Ол мұндай ең жоғары марапатты бесжылдық жоспарды 2 жыл 10 айда орындап шыққаны үшін иеленді. 1976 жылы КОКП-ның ХХV съезіне делегат болып сайланды. Осы жылы республикалық жеңіл өнеркәсіп өндіріс озаттарының социалистік жарысында еңбектегі қол жеткізген аса үздік табыстары үшін мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Отағасы Таласпай Омарұлы екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Алайда, ұзақ өмір сүре алмады, 1986 жылы дүниеден өтті. Бүгінде еңбекте ерен болған Сәруар апайымыз арамызда болмаса да, оның ұрпаққа қалдырған ізгілігі мен парасаты, ақылы мен даналығы, қайсарлығы мен еңбекқорлығы жадымыздан ешқашан өшпейді. Мұндай биік шыңға жету, бағындыру жүзден озған жүйріктерге ғана бұйырады Алайда, жұлдызы жанған асыл жанның есімі туған жерінде көп аталмай, елеусіз қалғаны қабырғаға қатты батады. Адал еңбек пен төккен тердің төлеуі далаға кеткені ме деген өкініш жерлестерінің де еңсесін түсірері анық. Еңбектің қаhарманы, қара нары атанған асыл тұлғаны қалай ардақтасақ та, еш артықтық етпейді. Бұл ғибратты өнегені орталық көшелердің біріне есімін беруден бастасақ деген ұсыныс айтқым келеді.

Асан БАЙҒОЖАҰЛЫ.
Қарағанды қаласы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp