Тайынша ауданындағы Обухов кен-байыту комбинатының аумағында былтыр маусым айында болған төбелеске қатысты сот үкім шығарды. Тайынша аудандық №2 соты қылмыстық істі қарап, жұдырық ала жүгірген жеті адамға жаза тағайындады.
Тайынша аудандық №2 сотының мәліметінше, сотталушы К.В. Саверский “Тиолайн” ЖШС-і директорының орынбасары болып тағайындалған. Бірақ оны кәсіпорын аумағына кіргізбегендіктен, құрылтайшылардың бір бөлігі сотқа шағымданған.
Сот серіктестіктің құрылтайшысы В.И. Долгалевтің, бұрынғы директоры Т.Е.Алмасбаевтың, “Stal KZ” ЖШС-і – күзет кәсіпорнының және “Обухов кен-байыту кәсіпорны” ЖШС-нің К.Саверскийді кәсіпорын аумағына кіргізбеуін заңсыз деп табады. Алайда, К.Саверский сот үкімінің заңды күшіне енуін күтпей, өзі жалдаған күзет агенттігінің қызметкерлері М.Ж. Кеңесбай, Е.К.Майданов, С.Т. Медеубаев, А.Г. Бахтыбаев, Д.К. Жаппаров және К.Н. Секеновпен кен-байыту комбинатының аумағына күш қолдану арқылы кірмек болған. Соңы төбелеске ұласқан. Олардың кінәсі зардап шегушілердің, куәгерлердің түсініктемесімен және сараптама қорытындысымен толық дәлелденді.
М.Ж. Кеңесбай, Е.К.Майданов, С.Т. Медеубаев, А.Г. Бахтыбаев және Д.К. Жаппаров өз кінәларын мойындады. Сот үкім шығару барысында олардың бұрын сотталмағанын есепке алып, әрқайсысын 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Қылмысты ұйымдастырған К.Саверский 2 жылға сотталды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі төмен мекемесінде өткереді. Ал төбелес барысында пышақ қолданып, кәсіпорын қызметкерлерінің бірін жеңіл жаралаған К.Н. Секенов 1 жыл 6 айын колонияда өткізеді.
Сондай-ақ, сотталғандар моральдық зиян келтіргені үшін зардап шеккендерге өтемақы төледі.
Естеріңізге салайық, былтыр маусым айында Тайынша ауданындағы Обухов кен-байыту комбинатының аумағына 30 шақты адам келіп, басып кірмек болады. Кәсіпорын қызметкерлері оларға тойтарыс беріп, салдарынан 10 адам түрлі жарақат алады. Кен-байыту комбинатының аумағына бірден жедел-тергеу тобы жіберілді. Тәртіп сақшылары “Тиолайн” ЖШС-інің жеті құрылтайшысының екеуінің өздерімен бірге күзет агенттіктерінің өкілдерін әкелгендігін анықтады.
“Тиолайн” ЖШС-і титан-цирконий кенін өндіріп, байытумен айналысады. Серіктестік 2004 жылы әділет органдарында тіркеліп, кен орнының жанынан кен-байыту комбинатын салды. Серіктестіктің қазір жеті құрылтайшысы бар.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.
Сурет: https://egov.kz/