«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗІЛТЕМІРШІЛЕР ТАБЫСЫ ҚОМАҚТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жыл солтүстікқазақстандық ауыр атлетшілер үшін сәт­ті болды. Өңір зілтеміршілері Қазақстан чемпио­на­тын­да жүл­делі орындарға ие болып, Қостанай мен Талдықор­ғанда өт­кен жарыстарда қанжығалары майланды. Панде­мия­ға қара­мас­тан халықаралық жарыстар да өтті. Онлайн фор­мат­та ұйым­дас­тырылған әлем кубогында сәтті өнер көр­сет­кен жерлесі­міз Жанәлі Тұяқов қола медаль тағынды. Об­лыс спортшылары бұл жетістіктерімен тоқтап қалмайды.

Ал­дағы ауқымды жос­пар­лар жайлы Қазақстан Республикасы­ның еңбек сіңірген жат­тықтыру­шысы, ауыр атлетикадан об­лыс құрамасының аға бапкері Ерік Әлібаев айтып берді.

– Ерік Кәрімжанұлы, соңғы жыл­­да­ры ауыр атлетика об­лыс­­тың бетке ұстар спорт түр­лерінің біріне айналды. Осы спорттың өңірімізде даму ба­ры­сы туралы айтып берсеңіз.
– Жыл сайын облыста зілте­мір спортымен айналысуға бет бұр­ған жастардың саны артып ке­леді. Қазіргі уақытта менің қара­ма­ғым­да 30 спортшы жаттығады. Осы­дан 10 жыл бұрын спорт зал­да тек ұлдар ғана болатын. Бү­гіндері бұ­рымдылар да қызығу­шы­лық таны­туда. Нәзік жандар ұлдармен қа­тар жарыстарға қатысып жүр. Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннің жаз­ғы Олимпиада ойын­дарын­да­ғы жеңістерінен соң елімізде, со­ның ішінде біздің облыста үлкен сер­піліс болғаны белгілі. 2013 жы­лы жасөспірім­дер арасында өткен Азия чем­пио­натында шәкіртім Ай­дар Қа­зов жеңіс тұғырының биігі­не кө­терілді. Араға екі жыл са­лып ере­сектер арасынан алға суы­рылып шыққан ол тағы бір мәрте сары құрлықтың үздігі атанды. Ал 2017 жылы Тайваньнің Тайбэй қа­ла­­сын­да студенттер арасында өт­кен XXIX жазғы Универсиада­да ба­ғы жанып, өз салмағында топ жар­ды. Бұл да өңірдің ауыр атле­тика­сының дамуына тың серпін берді.
– 2020 жыл спортшылар үшін қиынға соқты. Дегенмен, зілте­мір­шілеріміз жоспарланған бір­қа­тар жарыстарға қатысты. Бұл сайыстардағы жерлестеріміз­дің нәтижесі қандай?
– Иә, былтыр спортшылары­мыз пандемияға байланысты жа­ңа форматта жарысуға мәжбүр болды. Залдағы әр жаттығуы­мыз­ды санитарлық нормаларды сақ­тай отырып өткіздік. Спорт­шы­лар­дың біразы қашықтан да­йында­лып, жаңа талаптарға бе­йім­делді. Әйтсе де, өткен жылға өкпе жоқ. Біз­дің команда Қоста­най мен Қа­ра­ғанды қалаларында өткен рес­публикалық жарыс­тар­да жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесін­де төрт тәрбиелену­шім ұлттық құ­ра­маға алынды. Атап айтқанда, Александр Шпехт 23 жасқа дейін­гілер арасында же­ңімпаз атанса, Денис Полу­бояри­нов күміс және қола медальдарға қол жеткізді. Ал Алина Колиушко ересектермен сынға түсіп, Тал­ды­қорғанда ал­тын­нан алқа та­ғынды және халық­аралық дә­реж­дегі спорт шебері нор­мативін орын­дады. Бұл чем­пионат­та Алек­сандр Шпехт күміс медаль иегері атанды. Осылай­ша, 15 жас­тағы зілтеміршілеріміз рес­пуб­ли­калық сындарда атой са­лып, өз­дерінен тәжірибесі мол, жа­сы үл­кен спортшыларға қарсылық та­нытты. Бұдан бөлек, соңғы жыл­дары ауыз толтырып айтарлық­тай нәтижелерге қол жеткізіп жүр­ген Жанәлі Тұяқовты ерекше атап ай­тар едім. Ол ел чемпиона­тында 109 килограмм салмақ дә­режесін­де сынға түсіп, күміс ме­даль ие­лен­ді. Өкінішке қарай, шә­кіртім әлем чемпионы, талдықор­ған­дық Ибрагим Берсановқа ғана есе жіберді. Перуде онлайн ре­жімде өткен әлем кубогына 66 елден 399 зілтемірші қатысқан бо­латын. Мұн­дай сайысқа Жан­әлі ал­ғаш рет қатысқанымен, өз сал­мағында үздік үштікті түйіндеді. Бұл залда шелектеп төккен тер­дің, жаттық­тырушылардың көп­жылғы еңбегі­нің жемісі деп біле­міз.
Ағаларының жолын қуып келе жатқан жасөспірімдер де бар. Мә­селен, Расул Рахат панде­мия­ға де­йін жақсы көрсеткіштерге қол жет­кізіп үлгерді. Облыс құрама­сы­ның мүшесі Сарыағашта өткен рес­пуб­ликалық сайыста екінші бол­ды. Талантты жастың бола­ша­ғы­нан зор үміт күтеміз. Расул да ал­да­ғы уақытта чемпиондық атақ үшін бағын сынауға мүм­кіндік алады.
– Бүгіндері ауыр атлетика ма­мандары Жанәлі Тұяқов тура­лы жылы пікір айтуда. Себебі, ол спорттық мансабындағы ал­ғаш­қы халықаралық жарысында-ақ жүл­дегер атанды. Сіздің ойыңыз­ша мұның сыры неде?
– Жанәлі алғашында бокспен ай­налысқан. Сол кездегі бапкері маған хабарласып, баланы қам­қорлығыма алып, ауыр атлетика­дағы қабілетін сынап көруді өтін­ді. Ол кезде Жанәлінің салмағы 130 килограмм болатын. Осы­лай­ша, 7-сыныпта оқитын оны қа­рамағы­ма алып, жаттықтыра бас­тадым. Жат­тығулар барысында бірден ауыр атлетикаға икемі бар екені аң­ғарылды. Берілген тап­сыр­ма­ларды тиянақты орындап, зілте­мірге икемі барын көрсетті. Кейін серпе және жұлқа көтеру әдісте­рін үйренді. Әрине, алды­мен ар­тық салмақтан арылды. Халық­аралық сында сәтті өнер көрсетіп, үздік­тер­дің қатарынан көрінуінің сыры – Жанәлінің та­биғатында деп ой­лаймын. Алла тағала оған бой мен салмақ бер­ді. Біз оны дұрыс пай­дала­нып, жақсы нәти­жеге қол жет­кіздік. Алдағы уақыт­та бұл спорт­шыға се­нім артуға бо­лады. Менің ойым­ша, оның Азия және әлем чемпионаттарында биік белес­терді бағындыратын мүм­кіндігі бар. Жанәлі бұл мақсат­қа жету үшін залда көп еңбектенуі керек.
Шынымды айтсам, онлайн фор­матта өткен додалар кө­ңі­лі­мнен шықпады. Спортшыларым­ның жа­нында болып, кімнің қан­дай қабі­леті бар екенін сезінгім келеді. Тәр­биеленушілерімнің қар­сыласта­ры­ның деңгейін кө­ріп, сайыс за­лы­ның ауасымен де­малса екен дей­мін. Жанкүйер­лер­дің қолдауы да дем беріп оты­ратыны белгілі. Ал экран алдын­да отырып, жеңіс­тің нағыз дәмін сезіну қиын.
– Соңғы жылдары өңірде спорт саласына ерекше қолдау жасалуда. Тіпті, кенжелеп қал­ған түр­леріне де демеушілік көр­сеті­лу­де. Ауыр атлеттерге жа­сал­ған жағдай көңілден шыға ма?
– Бүгіндері жергілікті билік тарапынан ауыр атлетикаға үлкен қолдау көрсетілуде. Облыстық де­не шынықтыру және спорт бас­қар­масы да көп көңіл бөледі. Өңір на­мысын қорғап жүрген тәр­бие­ле­нушілерге барлық жағдай жасал­ған. Зілтеміршілердің басым бөлі­гі Петропавлдағы облыстық да­рын­ды балаларға маманданды­рылған спорт мектеп-интернатында білім алады. Республикалық жә­не халықаралық додадаларға қатысу үшін қажетті қаржы бөліне­ді. Сонымен қатар республикалық федерация да солтүстікқазақ­стан­дық спортшыларға қолдау көрсетуде. Халықаралық жарыс­тар­ға шақыртулар жиі түседі. Ұлт­тық құрама сапындағы жерлес­те­рімізге арнайы командалық фор­ма­лар тігілді. Бұл, әрине, жеткен жетістіктерімізді еселеуге және әлемдік деңгейдегі жарыстарда Қазақстан туын биіктен желбіре­ту­ге талпындырары сөзсіз.
– Сіз өзге облыстарда және шетелде ұйымдастырылған са­йыстарға жиі барасыз. Ондағы сапалы спорттық жабдықтар бізде бар ма? Атлеттердің да­йындық деңгейін қалай бағам­дар едіңіз? Қандай да бір айыр­машылық бар ма?
– Егер елімізді өзге өңірлері­мен салыстыратын болсақ, біз бір федерацияға бағынғандықтан жат­тығатын спорттық құрал-жабдықтарымыз бірдей, тіпті, оқу-жат­тығу жиындарында да ешқан­дай айырмашылық жоқ. Былтыр өткен ел чемпионатында өңір зіл­теміршілері бұған дейін есе бер­мей келген мықтылардың алдын орады. Бұл дегеніміз жастарымыз алға ұмтылып, өздерін психо­ло­гиялық тұрғыдан сайыстарға жақ­сы дайындады деген сөз. Әйт­песе, жаттығу әдіс-тәсілдері бір, қаржы жағынан да әр облысқа біркелкі сома бөлінеді.
– Бұл спорт түрінен есімі елі­мізге ғана емес, әлемге таны­мал спортшылар баршылық. Со­лар­дың бірі – Айдар Қазов. Қа­зір Азия және Универсиада чем­пионының аяқалысы қалай?
– Айдар үлкен спорттан кеткен жоқ. Қазір ол Алматы қаласында. Жарыстарда алған жарақаттарын емдеп жүр. Ақырындап өзінің бұ­рынғы деңгейіне келуде. Феде­ра­ция үздік зілтеміршілерге демалу­ға уақыт беріп, жастардың қабіле­тін тексеруде. Көп ұзамай Айдар қатарға қосылады деп ойлаймын. Мен оған анда-санда қоңырау ша­лып, денсаулығын біліп отыра­мын. Былтыр ол ел чемпионатына қатысқысы келді. Бірақ арқасы­ның жарақаты сыр берді. Осы жыл­ғы жарысқа жақсылап дайындал­са, бас жүлде алатынына сенім­ді­мін. Себебі, ол жастығына қара­мастан, өз қатарластарының ал­ды болып, бәсі биік додаларда бір­неше мәрте дара шапты. Халық­аралық сайыстарда да көзге түсті.
– Сіз осы спорт түрі бойынша тә­жі­рибелі жаттықтырушысыз. Ай­дар Қазов сияқты шәкірттері­ңіз – сол еңбегіңіздің жемісі. Бап­керлікпен айналысқан отыз жылдың ішінде қанша спорт­шыны баптап шығардыңыз?
– Өзге бапкерлер сияқты мен де шәкірттерімді қанатымның ас­тына алып, қамқорлық көрсетуге тырысамын. Бүгінге дейін талай атлет тәрбиеледім. Бірі бапкерлік­ке ауысса, спортпен қоштасқан­да­ры басқа салаларда еңбек етуде. Мен әрқайсысының таңдауын құп­таймын. Қанша шәкірт даярлап шы­ғардың деген сұраққа нақты жа­уап беру қиын. Бүгінге дейін 3 ха­лықаралық дәрежедегі спорт шеберін және 15 спорт шеберін даярлаған екенмін. Меніңше, бұл көп емес. Алайда, әлі талай чем­пион тәрбиелейтініме сенемін.
– Ерік Кәрімжанұлы, алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Үстіміздегі жылы спортшылар мен жанкүйерлерді қандай са­йыстар күтіп тұр?
– Ақпан айының соңында 17 жасқа дейінгілер арасында Қазақ­стан чемпионаты өтеді. Кейін жоспарда – жастар қатысатын ел бі­ріншілігі. Оған өткен жылы жүл­дегер атанған барлық спортшы­лар қатысады. Егер жерлестеріміз бұл жарыстарда жақсы нәтиже көрсетсе, дүниежүзінің үздіктері бақ сынайтын додаға жолдама берілмек. Мұндай жетістікке жету­ге мүмкіншілігіміз бар.


Әңгімелескен
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Е.Әлібаев жас спортшыларды жаттықтыруда.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp