«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҢЫЗДЫ САЛАДА МАМАН ТАПШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел экономикасы өзегінің бірі – автокөлік жолдары десек артық айтқандық болмас. Жыл сайын ел қазынасынан қыруар қаржы бөлініп, мыңдаған шақырым жол жөнделуде. Бірақ осы салаға қатысты сын азаяр емес. Оның бір себебі – жемқорлық болса, екіншісі жол құрылысы мамандарының тапшылығы.

Жол құрылысында арнайы білімі бар мамандар аз, керісінше жолдан қосылған біліксіз әрі тәжірибесіз жұмысшылар көп. Бұл өз кезегінде салынып жатқан жолдардың сапасына кері әсер етеді. Өзекті мәселеге сала мамандары мен құзырлы орган өкілдері алаңдаушылық білдіруде. Себебі, өңірде жол құрылысымен айналысатын компаниялардың әрқайсысында арнайы білімі мен тәжірибесі бар орта буын жұмысшылары жетіспейді. Сапасыз салынғандықтан жыл өтпей жатып қайта бұзылып, бюджет қаражатының желге ұшып жатуының бір себебі осында. Сөзіміз дәйекті болу үшін “К-Дорстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зертхана меңгерушісі Татьяна Ваистиновамен әңгімелесіп, мәселеге қатысты пікірін сұраған едік. Аталмыш салада 20 жылдық еңбек өтілі бар маман бұл жағдайға алаңдаулы екенін жеткізді.
– Бүгіндері компанияда прораб, учаске шебері, автогрейдер жүргізушісі жетіспейді. Әсіресе, соңғы үлгіде шығарылған техникамен жұмыс істейтін кадрлар аз. Амалсыздан, салаға қатысы жоқ адамдарды жұмысқа алуға мәжбүрміз. Тоқсаныншы жылдары жастардың жаппай заңгер және экономист мамандығын таңдауының салдарын енді көріп отырмыз. Айтып-айтпай не керек, өзіміз де сол жылдары басқа кәсіп іздеп кеттік қой. Басқа барар жерім болмаған соң “Алтын арман” базарында саудамен айналыстым. Сол жылдары жолшы мамандығына сұраныс болған жоқ еді. Соңғы 10 жылда ғана білікті маман іздеушілер көбейді. Оған дейін асфальт төсеу жұмыстарын иісі мұрнына да бармайтындар атқарып келді. Ал қазір білікті мамандардың басым бөлігі зейнет демалысында, – дейді ол.
Бүгінгі таңда бұл олқылықты түзеу үшін тиісті қадамдар жасалуда. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы
ның директоры Жолдыбай Тентековтің айтуынша, республикалық деңгейде бірнеше шара қолға алынған. Солардың бірі – үстіміздегі жылы жиырма шақты жасты оқыту көзделген.

– Біздің орталық негізінен еліміздің әр өңірінен аз қамтылған, оқу ақысын төлей алмайтын отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетеді. Бұдан бөлек, бөлімшелерімізде жұмыс істейтін қарапайым қызметкерлердің балаларын оқытпақшы. Ал жол мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары тек Алматы мен Өскемен қалаларында ғана бар. Биыл жиырма, алдағы уақытта одан да көп ынталы жасты тарту көзделген. Сондықтан бұл шара саладағы кадр тапшылығын жоюда үлкен қолдау болар еді. Қазірдің өзінде біздің зертханада маман жетіспегендіктен үш студентті штаттан тыс жұмысқа алдық, – дейді Жолдыбай Кімбайұлы.
Сол жастардың бірі – Дулат Қалижан. Петропавл құрылыс-экономикалық коледжінің студенті мамандығы жолшы болмаса да, орталықта өндірістік тәжірибеден өтуге ниет білдірген. Бүгіндері ол облыстық филиалдың зертханасында еңбек етуде. Талапты жастың қызығушылығын байқаған филиал басшылығы тұрақты жұмыс ұсынған соң қалуды жөн санаған. Ол осы жерде жұмысын жалғастырып, аталмыш сала бойынша жоғары білім алғысы келеді.
Жолшы мамандығынан қадір кетуінің тағы бір себебі бар. Яғни, бұл маусымдық жұмыс болғандықтан тұрақтап қалатындар аз. Ал мердігер компаниялар болса, алты айлық жұмыс үшін жыл бойы жалақы төлеуге құлықсыз. Нәтижесінде сапасыз жолдардың саны артуда.

Сағындық МАУҒАЗИН,
журналист.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp