Петропавл қаласында бұзақылықпен күресу үшін әр автотұрақ, аялдамалардың жанына бейнебақылау камерасы орнатылды.
Облыс орталығында қосымша жаңа 120 бейнекамера пайда болды. Бұл – қалалық әкімдіктің бастамасы.
«Бейнекамераларды орнатудағы басты себеп – бұзақылықтың алдын алу. Осылайша жерге қоқыс тастағандарды, аялдама павильонын сындырғандарды анықтаймыз. Бейнебақылау камералары IKOMEK-109 жедел әрекет ету орталығымен байланыстырылған», дейді баспасөз хатшысы Руфия Мұстафина.
Өткен аптада облыс орталығының Новопавловка кентінде үш жігіт әйнектен жасалған аялдаманы қиратқан. Бұл аялдама павильондарының әрқайсының құны – 400 мың теңге шамасында. Бұзақылар бейнекамералардың көмегімен анықталды.
https://egemen.kz