Өткен сенбі күні Ресей Федерациясының барлық өңірінде наразылық акциялары өткізіліп, көптеген адам көшеге шықты. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Мәскеу қаласының орталығында болған митингке 4 мыңнан астам адам қатысқан.
Пушкин алаңындағы келісілмеген акцияға жиналғандардың 600-ге жуығы ұсталған. Бұл туралы Қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) хабарлаған. Көшеге шыққан жұрт тарқағаннан кейін Тверь көшесінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Наразылық білдірушілердің құқық қорғау органдарымен қақтығыстары Пушкин алаңында, Страстный және Цветной бульварларында, Трубной алаңында және «Матроосская тишина» тергеу оқшаулағышының жанында өткен. Ресми мәлімет бойынша наразы азаматтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында зардап шеккендер бар.
Мәскеуден бөлек, Ресейдің өзге қалаларында да наразылық білдірушілер көшеге шыққан. Құқық қорғаушылар бүкіл ел бойынша 3068 адамның ұсталғанын хабарлаған. Ал құқық қорғау органдарының 39 қызметкері Мәскеудегі акцияларда жарақат алғаны белгілі болды.
Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың наразылық акциясына шығуы қоғамда дау туғызып отыр. Ресей Федерациясы президентінің жанындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Анна Кузнецова балаларға заңсыз акцияларда орын жоқ болуға тиісті деген пікір білдірді.
Наразылық кезінде ұсталған кәмелетке толмаған балалардың барлығы ата-аналарына аман-есен табысталыпты. Ресейдің «Жаңалықтар агенттігі» орын алған жағдайға байланысты кәмелетке толмағандарды заңсыз наразылық акцияларына тартқандарды қылмыстық жауапқа тарту туралы заң жобасы пайда болғанын жазды. Депутаттар мен қоғам белсенділері «Тик Ток» әлеуметтік желісінде кәмелетке толмағандарды көшеге шығуға шақырған хабарлардың тарағанын айтады. Заңды қатайту бастамасын Ресейдің Тергеу комитеті мен Жоғарғы соты қолдағанымен, Үкіметі оған қарсы болған. Соған қарамастан, акцияларға жасөспірімдердің қатысу тақырыбы маңызды сипат алып, қоғамда қызу талқыға ұласты. Ал елдегі эпидемиялық жағдай мәз емес. Бір тәулікте індет жұқтырғандар саны 21 127 адамға артқан.
https://egemen.kz