«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ — ҰЛТТЫҚ ЖАДЫМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ қоғамын рухани жаңғыруға үндейтін, болашаққа бағыт-бағдар жасауға жетелейтін “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласы жүрегі елім деп елжірей соғатын барша қауымның көңілінен шықты. 

 Тәуелсіздіктің отыз жылы шартты түрде онжылдық белестерге бөліп қарастырылғанымен, әрқайсысының көтерер жүгі мен салмағын сезінбеу мүмкін емес. Егемендікке қол жеткізгеннен бергі жылдарға, күрмеуі шешілместей көрінетін зілбатпан қиындықтары мен жеткен жетістіктеріне ой жүгіртсек, мемлекеттілігіміздің іргетасын қалау, ұлттық болмысымызды қалыптастыру, тілімізді өз тұғырына қондыру, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге оралу бағытындағы сан алуан бейнетті жолдардан сүрінбей өту қадамымыздың ғасырға парапар ерлікке неге теңелетінін анық ұққандаймыз. Азаттықтың елең-алаң шағынан бастап мерейлі мемлекет ретінде әлемдік өркениет ортасынан ойып тұрып орын алғанға дейінгі уақыт небір сынақтарға толы болғаны мақалада былай сипатталады: “Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек”.
Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра отырып, беймәлім қауіп-қатерлерден сақтандырады. Ел алдында тұрған ең өзекті міндет – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеу, қайтсек те ұлттық болмысымызды сақтап қалу. Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыстан бүкіл әлемді экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық, басқа да қатерлер жаулап алғанын айта келіп, олардың ішінде идеологиялық вирустың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, тамырын тереңге жайғанына алаңдайды. Ұзаққа созылған коронавиурс індетінен әбден шаршап, байтал түгіл бас қайғының күйін кешкен жас буынның жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кетуі оп-оңай. Жан-жағымызға қарайықшы. Дәстүрлі дінімізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын секта-ағымдардың торына шырматылып, санасы уланып жатқандар қаншама? Олай болса, жаhандану заманының жақсы-жаманын айырып, ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден тамыр үзіп қалмау үшін қайтпек керек деген гамлеттік сауалдың көлденең көк аттыдай алдымыздан кес-кестейтіні рас. Оның толыққанды жауабын “Таным мен тағылым” бөлімінен табамыз. Қазақ “отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмас” деп текке айтпаған. Ойы толысқан отыз жасқа толған Тәуелсіздік құрдастары жайлы Президент: “Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі”, – дей келіп, ата-бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін халықтың есінде сақтап қана қоймай ұрпақтан ұрпаққа беру мәселесін алға тартады.
Менің ойымша, Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында өңір бойынша біртуар тұлғаларды ұлықтау, олардың асыл мұраларын кеңінен насихаттау, жан-жақты зерттеп, жастардың көкейіне ұялату секілді кешенді іс-шаралар қазірден қолға алынса, құба-құп болар еді. Мәселен, көптеген тарихи деректердің, өңірімізге тікелей қатысы бар өте сирек қолжазбалардың Ресей архивтерінде шаң басып, зерттеушілерін күтіп жатқаны сан мәрте айтылғанымен, сөзден әріге аспай жүрміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай ағамыздың жетекшілігімен жергілікті топонимика проблемаларын, ел, жер-су аттарын кеңінен қамтыған авторлық жинақ құрастырылып, жарыққа шықты. Өкінішке қарай, осы дәстүр жалғасын таппай қалды. Басты себеп, қаржы тапшылығы. Сондықтан да құрамында тарихшылар, өлкетанушылар, архив қызметкерлері, БАҚ өкілдері, белсенді жастар бар экспедициялық топтарды ұйымдастырудың мезгілі жеткен секілді. Бір кездері Ғалым Қадыралиннің бастамасымен “Асыл мұра” қоғамы құрылып, тұлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығын, өлкеміздің тарихын танып-білуге арналған жиырмаға жуық кітап жазылған болатын. Мәдениет басқармасының құрамына берілгелі белсенділігін жоғалтып алған ұйымның жұмысын қайта жандандырған жөн.
Тарихтың арғы-бергі беттеріне тереңірек үңіліп, әрбір қашалған тас бетінде қалған таңбаларға, небір қанды шайқастарға, жорықтарға, аштық-зұлматтарға, жұрттың әрбір қаны мен көз жасына қарасақ, Тәуелсіздіктің қандай киелі ұғым екенін анық сезінеміз. Бірақ қандай қиын жағдайда да халқымыз болашаққа үлкен сенім артты. “Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда “Ештен кеш жақсы” деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек”, – деген тұжырым, ең алдымен, ана тілін өгейсітіп жүрген қандастарымызға қарата айтылғандай. Ел Тәуелсіздігі ұлттық тіліміздің бағын ашты. Ана тілімізді білмесек, әдебиеттің жауhар жырларын түсіне алар ма едік? Жоқ. Олай болса тіл – тарихымыз, тіл – ұлттық жадымыз. Бүкіл түркі жұртын ұйыстыратын ортақ қазынамыз. Бірақ осы асылымызды бағалай алып отырмыз ба? Өзге тілде шүлдірлеп, туған тілін менсінбейтін “өгей ұрпақ” әлі де есін жияр емес. Сол себепті қазіргі таңда ұлттық сана серпілісі қажет. Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің: “Өз тіліңді біліп, оны ұл-қызыңа үйретіп, өзге тілді үйренгеннің айыбы жоқ. Өзінің ана тілін ұмытып кетіп, мәңгүрттене жаздаған қаракөз бауырларымыздың қазақ тілін әлі үйрене алмай, керісінше, өзге тілдерді үйренуге айрықша ден қойып жүргенін қуаттамаймыз. …Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, солар ғана аяққа басады”, – деген ұлағат сөзін ұмытпайық.
Қазақты қазақтан артық сүйетін асылдарымыздың бірі – Асылы Осман: “Еліміз Тәуелсіз екен, тіліміз де тәуелсіз болуға тиіс. Тіліміз азаттық алмай, өзінің тұғырына қонбай, біз қалайша Тәуелсіздіктің рухын сезіне аламыз. Тілдің тағдыры – біздің қолымызда. Обалы да – біздің мойнымызда. Әрбір қазақстандық осы Отанды өзіне ортақ деп санаса, мемлекеттік тілді де ортақ деп қарауы тиіс”, – деп толғанады. Тіл үйрену жөнінде жерлесіміз марқұм Герольд Бельгер былай дейді: “Бабалардан қалған тілің ұлттық идея болуы керек деп топшылаймын. Қазақты біріктіретін бірден-бір қасиетті күш ана тілі болуға керек. Тіл тек қатынас құралы емес. Ол – халықтың жүрегі, жаны, ділі, діні, мақсат-мүддесі, ой-арманы, болмыс-тірлігі. Осыны жиі айтамыз, бірақ байыбына бара бермейміз. Тілді зорлап үйрету мүмкін емес. Иә қажеттілікте үйренеміз, иә ыждағаттылықтан. Ана тіліңе зәру болмасаң қалай үйренесің. Қазақ тілі – жаралы тіл. Оған күн сайын жара салатын өзіміз. Атадан қалған рухани байлықты шұбар-шұбар, кедір-бұдыр, мәнсіз, сәнсіз, көріксіз, жұтаң, қаны-сөлі жоқ былжырақ, қойыртпақ бірдемеге айналдырып келеміз. Сөйтіп жүріп, жалғыз байлығымыз тілді құртамыз. Не жетпейді? Намыс жетпейді. Ыждағаттылық жетпейді. Құрмет жетпейді”. Қазақ тілінің мәні мен маңызы туралы осындай тұлғаларымыздан артық айту мүмкін емес. Бәрі де өз қолымызда, тек ниет керек.
Президенттің: “Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазады. Бөтен идеологияның жетегімен жүруіне болмайды, – деген ескертуін ұлтымыздың Тәуелсіздік құндылықтарына еш селкеу түсірмейтін жасампаз ұрпағы жадына мықтап сіңіреді деген сенімдеміз.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,
филология ғылымдарының
кандидаты, профессор. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp