«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕГЕНГЕ ЖҰМЫС БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауылда тұратын жастардың басым бөлігі қалаға көшуге тырысатыны белгілі. Мен де солардың бірі едім. Өзім Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауылының тумасымын. Тезірек ержетіп, облыс орталығында тұруды аңсадым. Жоғары білім алған соң шаһарда тұрақтап қалатыныма сенімді болдым. Алайда, бұл жоспарым жалғыз күнде өзгерді.

 “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша тегін білім алуға мүмкіндік туды. Осыдан төрт жыл бұрын қажетті құжаттарымды тапсырып, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті атандым. Оңтүстіктен келген мен сияқты жастарға барлық жағдай жасалды. Жатақханадан орын беріліп, лайықты шәкіртақы төленді. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң туған жеріме кеттім. Бірақ меңгерген мамандығым бойынша жұмыс табыла қоймады. Сол себепті ата-анаммен ақылдасып, Қызылжарға қайту туралы шешім қабылдадым. Университетте жүрген кезде бірнеше шаруашылықтан жұмысқа орналасу туралы ұсыныс түскен-ді. Көп ойланып, Мамлют ауданындағы іргелі агроқұрылымдардың бірі – “Мәмбетов және К” командиттік серіктестігіне бардым. Бірнеше ауылды қарамағына алған инвестор тәжірибелері аз жастарды жұмысқа алудан қорықпады. Қайта қолдан келген көмегін беріп, қолдау көрсетті. Жарты жылдан бері бақылаушы-механик болып еңбек етіп жүрмін. Жергілікті шаруашылық басшысы маған барлық жағдайды жасады. Тұратын жерім бар, жалақым да жақсы. Өткен жылы атқарған еңбегіме қарай сыйақы алдым.
Тұрақты жұмыс, тұратын жерің болса ауылдан қалаға қарай ағылудың қажеті жоқ екенін енді түсінгендеймін.


Асылжан ТОҚБОЛАТ,
“Серпін – 2050” бағдарламасының түлегі.
Мамлют ауданы.

 

ҚИМЫЛДАРЫ
СЫЛБЫР


Қызылжар өңірі күннен-күнге көркейіп келеді. Облыс орталығындағы ескі жер үйлер сүріліп, орнына зәулім баспаналар бой көтеруде. Жаңа әлеуметтік нысандар салынып, көшелер жарықтандырылуда. Әрине, бұл оң өзгерістерге көз қуанады. Бірақ қыс басталғалы коммуналдық қызметтің жұмысы сылбыр жүргізілуде. Үйілген қар шаһардың сәнін кетіріп-ақ тұр.
Мен өзім “Береке” шағынауданындағы Досмұхамбетов көшесі бойындағы 5 қабатты үйлердің бірінде тұрамын. Коммуналдық шаруашылықтардың техникаларының гүрілдеп, қар тазалап жүргенін естиміз. Таңертең көше мен жаяу жүргіншілер жолының тазаланғанын көреміз. Алайда, қарды шетке үйіп кетеді, үйлердің жаны мен аулада тау болып үйілген қалпында тұрады. Оны ешкім тиеп, сыртқа төгіп жатқан жоқ. Ал балалар үстінде шығып, қайтадан шашады. Бұл мәселе қар тазалаушылардың назарынан тыс қалмаса екен дейміз.

Кәмел МӘЛІКҚЫЗЫ,
зейнеткер.
Петропавл қаласының тұрғыны.

 

 

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp