Өткен жылы өңірімізде 733 өрт оқиғасы орын алып, 47 адам қаза тапты. Бұл туралы “Antikor” орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Орал Әбдірахманов мәлімдеді.
Өрттердің дені жеке тұрғын үй секторында орын алған. От ортасында 19 азамат әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Ал шығын көлемі 140 миллион теңгеден асып отыр. Өрттің шығуына, негізінен, электр құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамау және электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуда. Сондай-ақ, тұрғындар пешті қараусыз қалдырып, отты пайдалануда абайсыздық танытады. Жиында департамент бастығының орынбасары мұндай жауапсыз әрекеттердің салдарынан өрт шығатынын ескертті.
“Өрт салдарынан қаза тапқандардың жартысының спирттік ішімдіктерді ішкендігі анықталды. Бұл орайда өңір тұрғындарынан қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауын өтінемін. Мысалы, пештің үстіне және жанына тез тұтанатын заттарды қоймау керек. Пештің мұржасын да уақытында тазалап отырған абзал. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырып, оларға пеш жағуды тапсырмау қажет. Өрттің алғашқы белгілері анықталған жағдайда дереу “101”, “112” телефондарына хабарласу керек”, – деді Орал Әбдірахманов.
Баспасөз мәслихатында жыл басынан бері 54 өрт оқиғасы орын алып, от ортасында қалған 8 адам жан тапсырғаны айтылды. Одан бөлек, 7 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары жеке тұрғын үй секторында апта сайын рейд өткізуде.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.