Облыс орталығының тұрғыны өзінің шотынан 449 мың теңге жоғалғанын біліп, бірден полицияға хабарлаған. Петропавл қалалық екінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері күдіктіні – бұрын ұсақ ұрлық үшін жауапқа тартылған, жәбірленушінің жиырма жасар өгей баласын ұстады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар соңғы кездері жиі кездесуде.
Келесі күні екінші полиция бөліміне облыс орталығының тағы бір тұрғыны жүгінген. Ол өзінің шотынан 790 мың теңгенің жоғалғанын анықтаған. Бұл жолы да ақшаны колледждердің бірінде оқитын 19 жасар қызы ұрлағаны анықталды. Екі факті де сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Көбіне заманауи техниканың тілін білмейтін егде тартқан адамдар алаяқтың құрбаны болып жатады. Сондай-ақ, осындай қылмыстар телефондарын немесе банк карталарын жоғалтқан, ұрланған кезде жасалады. Адамдарды телефондарына өзінен басқа ешкім білмейтін құпия сөз қойып, сақ болуға шақырамыз. Банк карталарына растау кодынсыз ақша шешуге лимит қою ұсынылады. Бөтен адам жоғалған картамен лимиттен жоғары төлем жасаған кезде иесінің телефонына хабарлама келіп түседі және ол операциядан бас тарта алады. Ең басты кеңес – кодтарды, құпия сөздер мен басқа да ақпараттарды бөтен адамдар білмегені жөн. Банк картасы жоғалған жағдайда қосымша арқылы немесе банкке хабарласып дереу бұғаттап тастау қажет. Облымызда өткен жылы осындай 33 қылмыс тіркелген.