Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті жоғары патогенді құс тұмауынан қырылған құстарға байланысты өтемақыны толық көлемде өтеді. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Былтыр тамыз-қыркүйек айларының басында еліміздің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ресей Федерациясының кейбір аймақтарынан Қазақстан аумағына тірі құс пен құс шаруашылығы өнімдерін алып келуге және олардың транзитіне уақытша шектеу енгізген еді. Бірақ салалық министрлік тарапынан жүргізілген жедел шараларға қарамастан жоғары патогенді құс тұмауы еліміздің 8 өңіріне жабайы құстардың қоныс аударуы салдарынан тараған болатын.
Эпизоотияға қарсы іс-шаралардың аяқталуына орай және құстар өлім-жітімінің жаңа жағдайлары тіркелмегендіктен қазір осы өңірлерде карантин алынып тасталды.
Ауру ошақтарын оқшаулау және жоюға байланысты іс-шаралар барысында 1,9 млн құс жойылды, оның 97%-ы 4 құс фабрикасына тиесілі.
2020 жылдың желтоқсанында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» кәсіпорны орташа айлық нарық құны бойынша індеттің кесірінен шығынға ұшыраған құс иелеріне өтемақы төлеу жұмыстарын жүргізді.
Ветеринарлық-санитарлық қағидаларға сәйкес, тәркіленген және жойылған құстардың құнын өтеу «Жоғары патогенді құс тұмауы» індетінен өлгенін растайтын құжаттар негізінде атқарылды. Құжат болмаған жағдайда төлем жүргізілмейтінін ескертті ведомство өкілдері.
«Барлық ұсынылған құжат бойынша төлем толық көлемде жүргізілді. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтарға 94 470 бас үшін 295,3 млн теңге төленді. «Агроинтерптица» ЖШС-на 433 066 құс үшін 445,9 млн теңге берілді», делінген таратылған ақпаратта.
Құзырлы органның мәліметіне сүйенсек, бүгінде Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» кәсіпорнында төленбеген қарыз қалған жоқ.
https://egemen.kz