«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМДІГЕ ДҮНИЕ ЖАРЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бәсекеге қабілеттілік – жастардың бойынан табылуы тиіс ізгі қасиеттердің бірі. Бұл қабілет адамды күн сайын жетіле түсуге жетелейді. Жарысқа түссең, екінші тынысыңды ашып, жеңіске бастайды. Адамды алға ұмтылдыратын қасиет туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында: “ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады”, – деген болатын. 

Мен – Әбу Досмұхамбетов атындағы об­лыстық дарынды балаларға мамандан­ды­рылған гимна­зия-интернаттың түлегімін. Мектепішілік шаралардың басы-қасында жүріп, “Жас ұлан” жастар қозғалысына мүшелікке кірдім. Осы көшбасшылық белсенділігім және адамдармен тез тіл табысқыштығым үшін 5-10-сыныптарда топ басшысы, одан кейін мектеп президенті болып тағайындалдым. 2015 жылы гимназия басшылығы еңбегімді бағалап, “Жыл оқушысы” атандым. Оған қоса әртүрлі олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарына қатыстым. Атап айтқанда, 2019 жылдың қаңтарында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде үздік үштікті түйіндеп, “Зерде” зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстардың республикалық байқауында 2-орынды иелендім. Сонымен қатар ағылшын тілі бойынша өткен “English is fun” халықаралық сайысында жеңімпаз атану бақыты бұйырды. Жетістіктерім мұнымен бітпейді. Былтыр қаңтарда республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде 2-орынды иелендім. Кейін өңір атынан Алматы қаласында өткен ақтық кезеңде бақ сынап, жас ғалым ретінде жақсы нәтиже көрсеткенім үшін грамотамен марапатталдым. Бәсекеге қабілеттілігімді шыңдай түскен сынақтардың қатарында КТА ойындары да бар. Мен мектебіміздің “Дарын стайл” командасының құрамында 4 жыл бойы біраз жарыста өнер көрсеттім. Көптеген қалаларды аралап, жер таныдым. Солардың ішіндегі ірісі – 2018 жылы Қапшағай қаласында өткен республикалық КТА ойындарында бізге тең келер ешкім табылмады. Мен үшін көрермендер алдында өнер көрсету ұнайды. Бұл мен үшін хобби іспеттес. Осындай жарыстарға қатыса жүріп сабақтарды да назардан тыс қалдырмадым. Жемісі сол – былтыр мектепті “Алтын белгіге” тамамдадым.
Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінің тарих, экономика және құқық факультетінің 1-курс студентімін. Менедж­мент мамандығын меңгеріп жүрмін. Бұл мамандықты мектепте ұжымды басқаруға қабілетті екенімді ұққандықтан таңдадым. Жоғары оқу орны қабырғасында жүріп те байқауларда бақ сынауға кірістім. Мәселен, былтыр қазан айында ресейлік “Профессиональная наука” қоғамдық ұйымының бастамасымен студенттер арасында өткен “Менің болашақ мамандығым” атты халықаралық эссе байқауында топ жардым. Жуырда “Қазақстан 2020: Болашаққа жол” мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында өткен “Жылдың үздік студенті” республикалық байқауында бақ сынадым. “BILIM-ORKENIETI” ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 1-курста оқитын 400-ден астам қыз-жігіт қатысты. Нәтижесінде мен есімдері “Жылдың үздік студенті” жинағына енгізілген үздік жүз студенттің қатарынан табылдым. Сондай-ақ, маған арнайы төсбелгі мен 1-дәрежелі диплом табысталды.
“Елдің ертеңін көргің келсе, жастарына қара” демекші, кемел келешек пен жарқын болашақтың тізгіні жастардың қолында екені мәлім. Қай саланы алсақ та, айбыны асып, күш-жігері тасыған жалынды жандар қолдаудан кенде емес. Кейінгі буынның білім алуына, кәсіби, ғылыми және шығармашылық жағынан өсуіне жағдай жасау – қоғамды жаңғыртуға бағытталған сенімді инвестиция.

Сабина БАРКИТОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенті.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp