«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІНЕ ҚАРАЙ ӨНБЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде жұмысшы мамандықтарына деген мұқтаждық біліне бастағандай. Себебі, қолында дип­ломы бар заңгерлер мен экономистердің еңбек нарығында жұмыс таба алмай жүргендігін жиі кездестіреміз. Ал оның есесіне білікті дәнекерлеушілер, құрылысшылар мен темір ұсталары жетіспей жатады. Демек, жастарды аталмыш мамандықтарға ынталандырудың маңызы зор.

Жұмысшы мамандығын таңдаған алғыр жастарды облыс орталығындағы ірі кәсіпорын­дардың бірі – елімізде теңдесі жоқ биг-бэг қаптарын шығаратын зауытта кездестіруге болады. Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылының тумасы Айдар Жамукановта осында еңбек етеді. Был­тыр Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін аспап жасау мамандығы бойынша тамамдаған жас “SMBGROUP Family” жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмысшы тапшы екенін естіп, кәсіпорынның табалдырығын аттаған. Алғашқы үш айлық сынақ мерзімінен сәтті өтіп, қазіргі таңда экструдер операторы болып еңбек етуде. Еңбекқорлығы мен ептілігі еленіп, оның аз уақыт ішінде ауысым жетекшісі болып тағайындалғанын да айта кеткен жөн. Яғни, Айдардың міндеті – экструдердің үздіксіз жұмысы мен қарамағындағылардың іс-әрекетін бақылау, құжаттарды толтыру, жіптердің сапасын және өндіріс барысында қауіпсіздік ережелерінің орындалуын қадағалау.
Айдар Мәжитұлы табысты қызмет етудің сырын басшылықтың жұмысты дұрыс үйлестіруімен байланыстырады. “Менің жұмысым үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, қап тоқылатын жіптердің сапасы тиісті деңгейде болуы тиіс. Күнделікті жұмыс барысында алдымызға қойылған жоспарды орындауға барымызды салу – міндетіміз. Сондықтан басшылық болсын, басқа да жұмысшылар болсын – барлығымыз ортақ мақсатқа жұмылып, бірлесе әрекет ету арқылы көп істің басын қайыра аламыз”, – деген жас маман тәжірибелі әріптестерінің қолдауы мен қамқорлығын да тілге тиек етті. Олар тәжірибесі жеткіліксіз жастарға білмегенін үйретіп, көрсетіп жіберуден еш уақытта қашқан емес. Осының арқасында ұжымда жақсы ахуал қалыптасқан. Ал бұл – табысты жұмыс атқарып, тапсырысты уақытында орындаудың басты шарттарының бірі.
Адамға білім ешқашан көптік етпейді. Білімін шыңдай түсуді мақсат еткен Айдар Мәжитұлы жергілікті университеттің магистратурасында білім алуда.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp