Атырау қаласында өткен “Ақ сәулелі алтын таң” халықаралық фестиваль-конкурсында Ақжар ауданындағы “Серпер” өнер мектебінің оқушылары жүлделі орындарға ие болды. Талантты жастарымыз ұлттық және классикалық аспаптарда ойнау, хореография және қолданбалы өнер бағыттарында бақ сынады. Халқымыздың атақты композиторларының шығармаларын жеке орындаған 15 оқушымыз дипломмен марапатталды.
Қазылар алқасының шешімімен мектебіміздің “Ғасырлар үні” халықтық ұлт аспаптар оркестрі бас жүлдені, “Жігер” домбырашылар ансамблі І дәрежелі дипломды иеленді. Шетел композиторларының күрделі шығармаларын жоғары деңгейде орындаған бүлдіршіндеріміздің прима дуэті, фортепьяно ансамблі және қобызшылар триосы батысқазақстандықтарды таңғалдырып, олар да үздіктер қатарынан көрінді.
Байқауда сурет сыныбы оқушыларының өнері де жоғары бағаланды. Майлы бояу техникасы бойынша С.Сүйіндікова бас жүлдені жеңіп алды. Жас қолөнершілер М.Елубай, С.Бекентаева, Ұ.Бауыржанұлы және тоқу техникасы бойынша В.Бутерус, Т.Жамбыл, В.Емельяненко үздік үштікке енді. Ал халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы “Айтұмар” халықтық хореографиялық ансамблі заманауи үлгіде сахналанған “Туған жер” биі үшін І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ләззат ЖЕТПІСБАЕВА,
“Серпер” өнер мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі.
Ақжар ауданы.