«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖҰМЫСЫ ЖОҚТЫҚ, ТАМАҒЫ ТОҚТЫҚ аздырар адам баласын…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жазушы Жүсіпбек Аймауытов­тың “Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асырау жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе”, – деген ұлағатты сөзі бар. Демек, маңдай терін төгіп, адал еңбекпен нан табу қашан да құрметке лайық. Алайда, жасыратыны жоқ, бірқатар жастардың қол еңбегінен қашып, жайлы кеңседе қызмет етіп, жоғары жалақыға қол жеткізуді қалайтындарын аңғарып қаламыз Тіпті, “жалқаулық” атты жылан мойынға оралып, үйде уақыт оздырып құр жататындар да аз емес. Бұл, әсіресе, қалалық қыз-жігіттерге қатысты болып отыр.

Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Данияр Асылбеков айтқан мәліметке сүйенсек, облыс орталығында 15-29 жас аралығындағы 43025 қыз-жігіт тұрады. Олардың 4,5 мыңнан астамы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, ал 1732-сі – жұмыссыздар. Сонымен бірге мемлекет жастарға ақша табудың қамын жасауда. “Нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы” аясында жұмыспен қамту орталықтары жастарға өз мамандықтары бойынша екі қолға бір күрек табуға көмектесуде. Ал “Бастау” жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін үйренуге мүмкіндік жасалып, қайтарымсыз негізде гранттар берілуде. Дегенмен, жастардың осылардың игілігін көруге асықпайтыны қынжылтады.
– Жұмыссыз жастар назардан тыс қалмайды. Өткен жылы 813 жас жұмыспен қамтылса, оның ішінде 31-і – әлеуметтік жұмыс орындарына, 278-і – уақытша қоғамдық жұмыстарға және 254-і “Жастар практикасы” жобасына жіберілді. Бұдан бөлек, 38 жас қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, олардың түгелі жұмыспен қамтылды. Мұндай оқыту кәсіпорындар мен білім ошақтарындағы оқу орталықтарында өткізіледі. Атап айтқанда, оқу барысында тігіншілер, электр дәнекерлеушілері, аспаздар, кондитерлер, өндіріс инженерлері және олардың көмекшілері, кір жуғыш машиналардың операторлары даярланады, – дейді Данияр Асылбеков.
Аталмыш мамандықтардың қай қай­сысы да жаман емес. Меңгеріп алсаң, таршылық көрмейсің. Яғни, ынталы жасқа әрқашан жұмыс табылады. Кәсіп бастаймын десеңіз де, мархабат. Бастысы, мойны жар бермейтін жалқаулықтан арылу қажет.

Маржан АҒЫБАЙ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp