Бір медальдың екі жағы болатыны сияқты пандемия кезінде жастардың артық шығынсыз шаңырақ көтерулеріне мүмкіндік туды. Яғни, қазір үйлену, қыз ұзату, құда түсу тойларын өткізуге үзілді-кесілді тыйым салынғандықтан, қыз-жігіттер неке қиғызумен шектелуде. Осыған орай қоғамда бұл салтанаттарға қатысты қарама-қайшы пікірлер айтылып жүр. Біреулер жас жұбайлардың өмірінде бір-ақ рет болатын аталмыш тойларды карантин аяқталған соң дүркіретіп өткізген жөн десе, екіншілері дарақылыққа жол бермей, неке қиса жеткілікті екенін алға тартады. Назарларыңызға Ерлан Нұрғалиев пен Әлия Ахметованың арасында осы тақырыпта өрбіген диалогты ұсынамыз.
Әлия Ахметова:
– Қазір сөз байласқан жастардың көбінің мешітте неке қиғызып, оңды-солды шашылмай өз алдарына үй болып жатқандарын көріп жүрміз. Ал кейбірі карантиннің бітуін асыға күтуде. Бас санитар дәрігер рұқсат етсе, олар лезде той орнын белгілеуге тұра ұмтылатындары сөзсіз. Меніңше, үйлену, қыз ұзату тойларының жастардың өмірінде мәні зор. Сондықтан індет қаупі сейілген соң есте қаларлықтай етіп тойлаған дұрыс. Сол кезде қанша қаражат жұмсаса да артықтығы жоқ. Әйтпесе, қазір жастар қуанышты күндерді туған-туыстар мен құрбы-құрдастардың қатысуынсыз, яғни, отбасымен ғана атап өтуде. Мұның несі қызықты?! Кімнің есінде қалады?!
Ерлан Нұрғалиев:
– Әлбетте, үйлену тойы – қуанышты сәт. Сондықтан жастар осы күнді дүркіретіп тойлағысы келеді. Дегенмен, ысырапшылдыққа жол бермеу қажет. Пандемия уақытын тиімді пайдаланып, той жасамай, неке қиғызу орынды. Бұл үшін қазір ешкім сөкпейді. Карантиннің қашан аяқталатынын күтіп, барша туыс-туғанын жинап, ас та төк той жасауды жоспарлап жүргендердің әрекетін құптамаймын. Қыруар ақша жинап, тойды дақпыртқа айналдыруға өз басым қарсымын. Осыдан бірнеше жыл бұрын жастардың үйлену және қыз ұзату тойларын бәсекеге айналдыруы белең алғанын бәріміз білеміз. Олардың қымбат тойхана мен лимузин жалдап, бағасы шарықтап тұрған ақ көйлек сатып алып, мақтаншақтыққа жол бергендері көңілге кірбің түсірді. Осылайша, қалтаға әжептәуір салмақ түсті. Сондықтан бұдан былай мұндай дарақылықты доғару қажет. Болашақта зәулім мейрамханалар өздерінің негізгі міндеттерін басқа арнаға бұрып, халыққа қызмет көрсететін орталықтарға айналса деген ойым да бар.
Әлия Ахметова:
– Өмірде бір-ақ рет келетін мұндай сәттен ақша аяуға бола ма?! Қиындық көрмес үшін тойға ерте бастан дайындалу керек. Ал ата-ана, барша туған-туысқан және дос-жарандар бір мейрамханада жиналып, бұл күнді есте қалатындай өткізуде ешқандай әбестік жоқ деп ойлаймын. Бастысы, мұндай салтанаттарды қазір тығылып өткізбей, індет қаупі саябырлаған кезде атап өткен дұрыс. Мәселен, жыл басында болашақ жарымның анасы құлағыма сырға салып кетті. Енді тойларды жайма-шуақ жаз айларында өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, біз үшін бұл салтанаттар маңызды. Оған дейін аты жаман аурудың беті қайтар деген үміт бар.
Ерлан Нұрғалиев:
– Той өтеді, несие қалады. Сондықтан ертең сол қарызды еселеп қайтарғыңыз келмесе, мұндай ақылсыз қадамға бармаған жөн. Той жасағанша, соған жұмсалатын қаражатпен саяхаттаған қандай тамаша! Тіпті, сол ақшаны ертеңгі күннің игілігі үшін садақа ретінде беру – ләзім. Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің. Ақшаны босқа шашпай, қайырымдылыққа жіберу – қашан да сауапты іс. Біздің өңіріміздің болашақ жас жұбайлары осындай үлгілі бастаманы қолға алса, нұр үстіне нұр!
Дайындаған
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.