«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ — ЖҰМЫСҚА ЕКПІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері жалғасуда. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты кездесулер онлайн өтуде. Бүгінге дейін ауылдық округтер мен аудан әкімдері 480 кездесу өткізді (барлығы 570). Оларға онлайн форматта 25 мыңға жуық адам қатысып, 900-ге жуық сауал жолдады. Есеп беру жиындарына әкімдік қызметкерлерінен бөлек, түрлі мекеме, шаруашылық басшылары да қатысып, жұртшылықтың өтініш-тілектеріне жауап беруде. Аудан әкімдерінің есептік кездесулері 9 ақпанда аяқталады.

Айыртау ауданының әкімі Дархан Әмрин ауылдық округтерде өтуі тиіс 14 кездесудің алтауын онлайн форматта өткізді. Оның бірі “ZOOM” платформасы арқылы Украин ауылдық округі тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылды. Украин ауылдық округінің әкімі Жеңіс Мұқашев, ең алдымен, жерлестерінің назарына 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары мен алдағы негізгі міндеттерді ұсынды. Ол келтірген мәліметтер бойынша ауылдық округ аумағында “North Crain”, “Саумалкөл-Агро”, “Профессионал-Агро” серіктестіктері мен 8 жол қожалығы және 9 фермерлік шаруашылық жұмыс істейді.Былтыр “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы Кирилловка ауылдық клубына күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Кездесу барысында Дархан Өмірсерікұлы агроөнеркәсіп кешенінде қол жеткен табыстарға тоқталды. Бұл саланы агробизнеске айналдыру мақсатымен жаңа технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Мұның өзі өндіріс көлемін ұлғайтуға зор мүмкіндіктер берді. 2020 жылы 385 мың тонна астық, оның ішінде 46 мың тонна майлы дақыл жиналды. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамытуға 4 тауарлы-сүт фермасы оң серпін берері сөзсіз. Олардың біреуі іске қосылып, үшеуінің құрылысы жүргізілуде. Соңғы кездері мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер саны артып келеді.
Адам ресурстарын дамытудағы басты салалардың бірі болып табылатын білім беру жүйесінде де оң өзгерістер бар. Былтыр 5 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Биыл Рудный орта мектебі қалпына келтіріледі. 8 мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Бұл мақсат үшін 972 млн. 634 мың теңге бөлінді. Осылайша, аудан мектептерінің жартысынан астамы жаңартылады.
Аудан басшысы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, өнер мектебін қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылатынына да тоқталды. Стадион, жабық хоккей кортын салу белгіленген. Жуырда “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры арқылы Саумалкөл қазақ мектебінің жанынан көпбейінді спорт кешенін салу туралы шешім қабылданды. Саумалкөл, Арықбалық, Имантау, Шалқар, Айыртау, Сырымбет ауылдарында балалар спорттық-сауықтыру алаңдары құрылады. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында аудандық мұражайды, Мәдениет үйін, Арықбалық Мәдениет үйін, Казанка ауылдық клубын қайта жаңарту көзделген.
Тұрғындар тарапынан округтің елді мекендерін таза ауызсумен қамту, Кирилловка ауылындағы орта мектеп жанындағы ауылішілік жолға жаяу жүргінші белгісін орнату, Кутузовка ауылы көшелерін жарықтандыру, көшелерге қиыршықтастар төсеу мәселелері көтеріліп, олардың жүзеге асу бойынша тиісті мекеме басшыларына арнайы тапсырмалар берілді.
Тұрғындардың бірі Казанка – Каменный брод аралығындағы жолды жөндеу, былтырғы жылы басталған Казанка – Никольское бағытындағы жолды қалпына келтіру жайын сөз етсе, екіншісі Казанка ауылына мұражай ашу және Ботай қонысындағы аспан астындағы мұражай құрылысының мәселесін қозғады. Қаратал – Казанка бағытындағы автожолды жөндеу қажеттігі алға тартылды.
Дархан Әмрин аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Сәкен Өтебаевқа жолдарды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындап, ұсыныс енгізуді тапсырды. Мұражай мәселесі жөнінде ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жақсылық Жүсіпов түсініктеме беріп, жобаның биыл жүзеге асатынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы саласына жаңа инвестор тартуға қатысты сауалды аудан әкімінің бірінші орынбасары Едрес Жанапин тікелей бақылауына алатын болды.


Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”,
Бағлан ҚОЖАҚОВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp