2020 жылдың 10 желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Аталмыш құжат нормаларына сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасына енгізілген бірнеше өзгеріс күшіне енді.
Аталмыш өзгерістер заңды тұлғалармен қатар, жеке кәсіпкерлерді және қарапайым азаматтарды қамтиды. “2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 2 желтоқсандағы № 379-VІ Заңына сәйкес күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өзгереді. Ал ең төменгі жалақы бұрынғы қалпында қалады. 2021 жылдан бастап жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өзгерді. Яғни, биыл 1 АЕК – 2917 теңгені құрады. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34302 теңге болып бекітілді. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 32668 теңге болған еді. Ал ең төменгі жалақы өзгеріссіз 42 500 теңге қалпында қалды.
Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) енгізуге қатысты өзгеріс бар. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлар айналымының толассыз бақылануын қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдың басынан бастап ТІЖ ресімдеу бойынша қанатқақты жоба басталды. Ол электронды шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіндегі “Виртуалды қойма” модулінде электронды нысанда ресімделеді. Айта кету керек, мемлекеттік кірістер органдары қанатқақты жоба жүргізу кезеңінде айыппұл санкцияларын қолданбайды.
Салық төлеушілердің көптеген өтініштеріне байланысты қанатқақты жобаның мерзімі өзгерді. Ендігі кезекте акцизделетін тауарлар бойынша жобаның және ЕАЭО-дан әкелу/ЕАЭО-ға әкету бойынша мерзім 1 шілдеге дейін, ал “Виртуалды қойманың” тауарлары бойынша мерзім 1 қарашаға дейін ұзартылды. Қалған тауарлар және таңбаланатын тауарлар (оның ішінде темекі өнімдері) бойынша қанатқақты жобаның басталу мерзімі 1 ақпаннан 1 шілдеге, ал аяқталу мерзімі 2022 жылдың 1 ақпанына шегерілді.
Салық заңнамасына сәйкес жыл басынан бастап жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау міндетті. Салық кодексінде жалпыға бірдей декларациялауды төрт кезеңмен жүзеге асыру қарастырылған. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілгендер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ, “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық заңға және “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы”, “Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы”, “Сақтандыру қызметі туралы”, “Бағалы қағаздар рыногы туралы” заңдарға сәйкес міндетті тұлғалар декларация тапсыруға тиіс.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны қағаз түрінде табыс ету мерзімі 2021 жылдың 15 шілдесіне дейін болса, электронды түрде үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегіне дейін деп белгіленген. Айта кету керек, жеке тұлғалар декларацияны тұрғылықты жері бойынша тапсырады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларация “Салық төлеушінің кабинеті” мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы арқылы (www.cabinet.salyk.kz), “Электронды үкімет” порталы (www.egov.kz), сондай-ақ, “eSalyq Аzamat” және “eGov mobile” мобильді қосымшалары арқылы электронды түрде табыс етіледі. Декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына қағаз түрінде әкелуге немесе тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберуге болады.
Атап айтқанда, декларациялық есепте мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлік көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суларда жүзу кемелері, көлік құралдары, арнайы техникалар және тіркемелер, шетелдік банктердің есепшотында сақталған барлық банктік салымдары бойынша республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген ақша қаражаты тіркеледі. Бұл ретте, республикадағы және шетелдегі жылжымайтын мүлік құрылысына қатысу үлесі туралы мәліметтер, бағалы қағаздар, пай қорларындағы пайлар, зияткерлік меншік объектілері, құны 1000 АЕК-тен асатын басқа да мүлік, құймалар мен бағалы монеталар түріндегі инвестициялық алтын, сенімгерлік басқаруға берілген мүлік, нотариалды куәландырылған дебиторлық және кредиторлық берешек, 10000 АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 СЕН) тапсырғаннан кейін, осы санаттағы тұлғалар 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайын кірістері мен мүліктері туралы декларация (270.00 СЕН) тапсыруы қажет болады.
Жыл басынан бастап елімізде бизнес субьектілерінің салықтық тексеру мараторийлері, жеке бас салығы мен әлеуметтік салықтан босату мараторийі де ұзартылған болатын. Кәсіпкерлерге қатысты жаңашылдық – бөлшек сауда салығының енгізілуі. Ол экономиканың қатты зардап шеккен секторларына қолжетімді болады. Бұл тізімге кәсіпкерліктің 29 түрі кіреді. Егер бұрын жеке табыс салығынан заңды тұлғалар 20, жеке кәсіпкерлер 10 пайыз төлеумен қатар 20 пайыздық корпоративтік табыс салығын төлеуі қажет еді. Ал жаңадан енгізілген салық түрі жалпы түсімнің 3 пайызын төлеуге міндеттейді. Бұл салықтық режім 2023 жылға дейін созылатын болады. Сондай-ақ, арнайы режімді таңдаған төлеушілерге үстеме салықтан босатылу және әлеуметтік салықтан босатылу түрінде жеңілдіктер қарастырылған.
Наталья НЕКРАСОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы.
Сурет: http://www.rikatv.kz/